Ұлт Көшбасшысы атанған, ел тарихында кемеңгер саясаткер ретінде танылған, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлағатты ұстазы – Сейітхан Ахметұлы Исаев туралы қанша жазсақ та артық етпейді. Ол кісінің саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында мәртебелі мұғалімдік қасиетін жоғалтпай атқарған еңбегі жетіп артылады. Ендеше, 1 желтоқсан –ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, Елбасымыздың ұстазы – Сейітхан Ахметұлы жайлы азды-кем ғибратты ғұмырынан сыр шертуді жөн көрдік.
Қалыптасқан қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне де ширек ғасырдан асып, еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда орын алған көптеген қиындықтарды артқа тастап, ендігі тұста ұлттық рух пен болмысты қайта жаңғыртуға аяқ басқаны белгілі. Осы тұста Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың тікелей бастамасымен «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» сынды патриоттық негіздегі жобалар ұлт санасының жаңғыруына, болашақта саналы ұрпақ пен сындарлы өмірге төтеп беретін ұлт болмысын қалыптастыруға негіз қалағаны белгілі. Бұл ретте мәдениет мен ғылым саласын дамытуға үлес қосқан ұстаздар қауымы да өз үлестерін қосуға мүдделі екендігі мәлім.
Жалпы, кез келген тұлға ұстаздан тәлім алып, болашаққа нық қадам басуда оның өнегесі мен өрелі сөздерінің қажеттісін өзіне қабылдары сөзсіз. Абай атамыз:
«Ақырын жүріп, анық бас.
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға», – деп ұстаз еңбегінің қашан да сыртқа кетпей, шәкірттің оза шабуы тікелей еңбекпен келетінін тілге тиек етуі бекер емес. Осы тұрғыдан алғанда 65 жылға жуық ғұмырын шәкірт тәрбиелеу ісіне жұмсап, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Білім беру ісінің үздігі», «Парасат» орденінің иегері, «Алматы облысының Құрметті азаматы», «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атанған, ең бастысы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевқа тәлім берген Сейітхан Ахметұлы Исаевты атап айтуымызға болады.
Ұстаз өмірі мен қызметіне үңілер болсаңыз, бүгінгі жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулу, оның ішінде батырлық пен ерлікке, қажырлы еңбекке немесе төзімділік пен шыдамдылыққа тәрбиелеуде С.А.Исаев есімін ерекше атауға болады.
Саяси оқиғаларға толы ХХ ғасыр басында дүниеге келген Сейітхан атамыз өзінің саналы ғұмырында елдегі аштық пен қиыншылық, соғыс ауыртпалығы, одан кейінгі тұстағы елдегі жоқшылық пен бүгінгі қалыптасқан Қазақстан мемлекетінің жарқын болашаққа ұмтылған бет-бейнесін түгел көрген ардагер ретінде танымал болды.
С.И. Исаев өзінің саналы ғұмырында қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын және жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин мен қазақтың жезтаңдай әншісі Күләш Бәйсейітованың тірі бейнесін көріп, сол тұстағы сауатсыз халықтың білім сапасын көтеру мақсатында тікелей әкесі Ахметтің ықпалымен 1935-1938 жылдары дайындық факультетінде білім алып, 1938-1941 жылдары қазіргі Абай атындағы педагогикалық ұлттық университеттің тарих факультетін тамамдап шыққан. Тарих пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастаған тұлға екінші дүниежүзілік соғыстың да дәмін татып, ел қорғаған батыр ретінде 1-ші және 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградталды.
Осындай күрделі де сындарды жылдарды басынан өткерген Сейітхан Ахметұлы өзінің негізгі мамандығы, ұстаздық қызметін жалғастырған еді.
Алаш зиялысы Ж.Аймауытов «білім беру жүйесін жетілдіру мен білікті ұрпақ даярлау, қалыптастыру, оның ұлттық тәлім-тәрбие ісін дұрыс жолға қою – басты міндет болып қала бермек» деп атап көрсеткеніндей, Сейітхан Ахметұлы қызметіні басты бағыты саналы ұрпақ тәрбиесіне арналған еді. Соғыс аяқталған соң елге оралған Сейітхан Ахметұлы үкімет қаулысымен алғаш Алматы облысына қарасты Есік қаласында әскери дайындық пәні бойынша ұстаздық жолын жалғастырса, 1948 жылы оқу министрлігінің шешімімен Алматы облысының Қаскелең ауылындағы (қазіргі Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласына) Абай атындағы қазақ орта мектебіне директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, сонымен бірге тікелей өз бастамасымен Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейін ұйымдастырып, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосумен болды.
«Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деп халық даналығында айтылғандай, Сейітхан Ахметұлының алдынан дәріс алған мыңдаған шәкірттер қатарынан республикамыздың қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне үлес қосып жүрген ғалымдар мен ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері өсіп шықты. Олардың қатарында озық ойлы саясаткер, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев та бар еді. Екі ғасыр куәгері болып отырған ұстаз үшін бұл, әрине, ерекше мақтаныш, үлкен абырой. «Нұрсұлтан менің алдымнан дәріс алған көптеген шәкірттерімнің бірі. Нұрсұлтан кішкентайынан шыныққан, табиғатынан келген алғырлық қасиетке ие бола білді»,- деп шәкірті туралы естеліктер айта отырып, Тұнғыш Президентіміздің адамгершілік қасиеті мен қажырлы еңбегі осындай үлкен жетістікке жеткізгендігін ерекше жан тебіреніспен айтқан еді.
Тарих сахнасында өзінің қажырлы еңбегі, артына қалдырған мұрасы немесе өнегелі өмірі мен есімі ел арасында қалған тұлғалар қаншама! Осы орайда, ғасыр куәгері, ұлағатты ұстаз, өз жерінің мақтанышы болған және Алматы облысы мен Қарасай ауданының «Құрметті азаматы» атанған Сейітхан Ахметұлы Исаевтың есімі ұлттық руханиятқа үлес қосқан ұстаз, ерекше тұлға ретінде тарихымыздың таңдаулы беттерінен орын алатынына сеніміміз мол және шәкірттерінің санасында бейнесі ұзақ сақтала беретінін нық сеніммен айтамыз.
Б. МҰСТАФИНА,
дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын әл-Фараби атындағы арнаулы гимназияның директоры.