Егемен еліміздің жарқын болашағы еңсесі биік, елдік ұстанымы берік талапты жастардың қолында. Яғни, білімпаз ұрпақ, жас түлектерге артылар үміт те үлкен. 12 маусым күні осындай, қатарластарының алды болып, мектепті үздік аяқтаған «Алтын белгі» иегерлерін аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы марапаттады.
Жүздерінде қуаныш пен толқыныс қатар тұнған түлектер жасана киініп, өздеріне жарасымды жастық жалын-жігермен ортаға шыққанда, балалық шақтан үлкен болашаққа аттанғалы тұрған перзентін көрген ата-ананың да, он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан шәкіртін шығарып салу үстіндегі ұстаздардың да жүрегін тебіреніс билегені анық.
Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған Жандарбек Ермекұлы мәңгілік елдің саналы да тәрбиелі жастарын дайындауға қазыналы Қарасай жері де өзіндік үлес қосып, биылғы оқу жылында 59 оқушы «Алтын белгі», 54 оқушы «Үздік аттестат» иегері, 36 озат оқушы облыстық және республикалық пән олимпиадаларының жеңімпазы атанып, аудан абыройын асқақтата түскенін тілге тиек етіп, ізгі тілегін білдірді. Үлкен үміт пен нық сенім игілікті ертеңге жетелейтінін айтқан аудан басшысы түлектерге ақ жол тілеп, әрқайсысының да елі үшін ерінбей еңбек ететін, мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлес қосатын азамат болатындықтарына сенім артатынын айтты. Мұнан кейін, аудан басшысы кеш иелерін кезек-кезек сахна төрінде марапаттап, сый-сияпатын ұсынды.
Салтанатты шара барысында түлектер топ болып білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектептеріне ән арнап, ыстық ықыластарын білдірсе, ал, кейбірі алғыстарын әдемі тілектермен жеткізіп жатты. Сондай-ақ, «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттерінің әуелете салған әндері жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шараның соңы түлектердің тебірене билеген қоштасу вальсінен кейінгі бірігіп, түрлі-түсті шарларды аспанға ұшыруымен түйінделді. Ал, мереке иелеріне арналған отшашу шараның көркін ашып, керемет нүктесін қойды. Сөйтіп, тағы да бір буын көңілдегі мол арманмен алдыларынан тосып тұрған өмір жолына аяқ басты…
Атаулы шара аудан мектептеріндегі бітіруші түлектерге арналған мерекелік кешке ұласты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.