«Параға емес – биіктікке ұмтыл!» Иә, дәл осындай ұранмен өткен аптаның сенбісін саяхатқа арнаған Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері Үлкен Алматы шыңын бағындыруға бел буып, жақсы бастамада белсенділіктерін танытты.
Олардың күнделікті қызметіндегі тынымсыз тірліктен бір сәт қол үзіп, алып шаһар Алматының тау беткейінде демалу әлдеқайда пайдалы екені жүздерінен-ақ байқалып тұрды. Жалпы, осындай табиғат аясында ұйымдастырылған шараға Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен осы облыс бойынша ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Департаменті себепші болғанын айта кеткен жөн. Басты мақсат – мемлекеттік қызметшілер арасында саламатты өмір салтын дәріптеп, олардың спорттық шеберліктерін шыңдау және еліміздегі туризм саласын дамыту.
Таң бозынан Жетісу жерінен Алматыға арнайы келген белсенді қызметшілер бір топ облыстық БАҚ өкілдерімен бірге Алмарасан шатқалына бет алып, Қырғызстан шекарасына қарай жол тартты. Тау шыңына бастайтын жолдың бойында көк-жасыл көрікті Үлкен Алматы көліне қызықпайтын адам жоқ шығар, сірә! Саяхатшылар бұл су айдынына қайтар жолда арнайы тоқтайтын болып, алдымен Үлкен Алматы шыңын бағындыруды жөн санады. Жалпы, бұл – Солтүстік Тянь-Шань тауының заңғар биіктерінің бірі. Пирамида тәріздес болып көрінетін шың теңіз деңгейінен 3681 м биіктікте орналасқан.
Сонымен, соңғы межеге жетуді мақсат еткен мемлекеттік қызметшілер мен БАҚ өкілдері ашық аспан аясында Үлкен Алматы шыңына жетіп, ару қала Алматыны алыстан тамашалады. Таудың биік нүктесінде таныстықтары одан әрі артқан белсенділер арқа-жарқа қызықтарын айтып, дәл осы биіктікті бағындыруды білдіретін ту жанында естелік суретке түсті. Осылайша, діттеген мақсатына жеткен саяхатты сүйетін жандар қайтар жолда өздеріне уәде еткендей, Үлкен Алматы көліне арнайы аяңдап, тылсым табиғаттың көркем көрінісіне көз тастады. Келушілерді әсемдігімен баурайтын бұл тамаша ортада олар ескірмейтін естелік болсын деген ниетпен, таңғажайып мекенде суретке түсу дәстүрін де ұмыт қалдырмады. Бұл су айдынының бір ерекшелігін айтар болсақ, көпшілікке беймәлім құпиясы бар, яғни, оның түсінің үнемі өзгеріп тұруы. Көлдің түсі бірде көкшіл болса, енді бірде көк-жасыл түске айналады. Ал, түнгі тыныштық кезінде демалушылар судан ерекше әсер алатын көрінеді.
Тау беткейінде керемет демалысты сезінген демалушылардың барлығы осындай бастамаға себепші болған ұйымдастырушыларға ерекше алғыстарын білдірді. Ал, мұндай бастаманың басы-қасында жүретін Алматы облыстық Департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев әріптестерінің ерекше әсерде екенін жеткізді.
– Бүгін «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында біздің Агенттіктің қолдауымен «Параға емес – биіктікке ұмтыл!» акциясы ұйымдастырылды. Шыңды бағындыруға жалпы, айтқанда бір күнімізді арнадық десек те болады. Керемет әсер алдық. Республика бойынша барлық әріптестерімді осы бастаманы қолдауға шақырамын, – деді Департамент басшысы.
Міне, осылайша сенбідегі серуен мемлекеттік қызметшілер мен журналистер үшін ұмытылмас күндердің біріне айналды. Сондай-ақ, бірлігі жарасқан белсенділердің тау бөктерінде қазақтың халық әндерін қосыла шырқауын да осы саяхат барысында орын алған ерекше сәттердің бірі деп айтуға болады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.