Румыния елінің астанасы – Бухарест қаласында жақында қол күрестен әлем чемпионаты өткен болатын. Білектің күші сыналатын бұл жарысқа Қазақстанның атынан бірнеше спортшы аттанған еді. Алматы облысынан іріктеліп алынған алтауының арасында қарасайлық төрт қол күрес шеберлері бар. Олар мүмкіндігі шектеулі жандар ретінде дәл осы спорт түрінен сынға түсті.
Әлем чемпионатына 44 мемлекеттің ең үздіктері бақ сынасты. Олардың арасында жастар, ересектер, ардагерлер және мүгедек спортшылар да болды. Байрақты бәсекеде еліміз жалпы командалық есеппен І орынды иеленсе, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ІІІ орынды қанжығалады.
Қол күрестің қыр-сырын меңгерген көру қабілеті бойынша мүгедек болып табылатын Данияр Ахметжанов оң қол бойынша ІІ орынды алса, есту қабілетінен айырылған Мамлут Тутадзе екі білектің күшімен де сынға түсіп, ІІІ орынды иеленді.
Осылайша олар әлем мықтыларының қатарынан табылып, елдің атын өзге елде әйгілі етті. Бұл ретте спортшыларға қашанда қолдау білдіріп, олардың осы дүниежүзілік додаға қатысуға себепкер болған «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының төрағасы Тәжіғали Ходжамұратовтың еңбегін ерекше атауға болады. Оның айтуынша, ауданның атынан төрт спортшы барып, оның екеуі жүлдегер атануы үлкен жетістік. Сондай-ақ, ол спортшыларға қаржылай демеу білдірген Алматы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына, Қарасай ауданының мәслихатына, бірқатар облыстық және аудандық мәслихат депуттаттарына және басқа да қолдау білдірген жандарға алғысын білдіруде.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.