Арменияның астанасы Ереван қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Толғанай Қасымхан әлем чемпионы атанды.
60 келі салмақта жарысқа шыққан Толғанай ақтық сында ресейлік Кира Леонованы 3-2 есебімен жеңді. Ол шаршы алаңда қарсыласын 3 раундта нокдаунға жіберіп, еліміздің туын желбіретті. Бұл – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына түскен екінші алтын медаль. Бұған дейін 54 келіде бақ сынаған Аяжан Сыдық турнир чемпионы атанған болатын.
Толғанай Болатқызы бүгінде Алматы облысының Райымбек ауданы, Нарынқол ауылындағы Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепте 11 сыныпта оқиды.
Боксшы қыз 2007 жылы 16 шілдеде Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында Ақыновтар отбасында дүниеге келген. Мектепте үздік оқиды. Қоғамдық шаралар мен спорт үйірмелеріне (бокс, жүгіру, жеңіл атлетика) белсене қатысады. Оқу жылы бойынша «Алтын белгіге» үміткерлердің бірі.
Толғанай – Райымбек ауданының 4 дүркін, Алматы облысының 5 дүркін жеңімпазы.Бірнеше рет республикалық және халықаралық турнирдің үздігі атанған. Толғанай сондай-ақ таяуда ғана Астанада өткен 2007-2008 жылдары туған жасөспірім қыздар арасында Азия чемпионатында да топ жарып, алтыннан алқа таққан болатын.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Райымбек ауданы.