Біздің тілшіміз филология ғылымдарының кандидаты, Сулейман Демирел университетінің ассистант профессоры Нұрсәуле Рсалиевамен сұхбаттасып, латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты бірер сұрақтарға жауап беруін өтінген еді.
– Нұрсәуле Мақсұтқызы, қазіргі уақыт талабынан туындап отырған қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі Елбасының жарлығымен қолға алынып жатқан ел тарихындағы ең бір елеулі оқиғалардың бірі. Қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша, ғалымдардан құрылған орфографиялық жұмыс тобының ресми мүшесі ретінде, өзіңізге көкейде жүрген біраз сауалымызды қойсақ. Бірінші сұрағымыз, бүгінгі қоғам латын қарпінде жазып кетуге дайын ба?
– Бұл бір мезетте емес, өзіңіз айтып отырғандай, кезең-кезеңімен іске асырылатын ауқымды іс-шара болғандықтан, оның қоғамның, қарапайым жұртшылықтың «латын қаріпті жазу не үшін қажет?» деген сұрағына толық, тұщымды жауап беретін үгіт-насихат жұмыстары да жоспарлы түрде қарастырылған. Осы орайда өздеріңіз сияқты басылымдардың, БАҚ қызметінің алатын орны ерекше болмақ. Бұған дейін де «Қоғам дайын емес деу» қате болған болар еді. Себебі, бұл үдерісті латын қарпіне көшудің барлық алғышарттары қалыптасқан, қоғам дайын болған кезеңде қолға алып отырмыз. Егер байқасаңыздар, қалаларда сауда орталықтары, дүкендер, басқа да ғимараттардың маңдайшаларында көптен бері қазақша атауларды латын қарпінде жазып қою жаппай белең ала бастады. Телебағдарламалардың атына дейін, мәселен, Apta.kz деп жазып қоюдың өзі басқаша жазуға қарағанда сүйкімді көрінетін тәрізді болды. Латын әрпімен жазылып тұрғанның барлығы, әсіресе, жастарға әдемі көрініп, кирилл қарпінде тұрған жазу жұпынылау көрінетін тәрізді мәселенің психологиялық аспектісінің бар екені де жасырын емес. Мүмкін, батысқа еліктеудің, жаһанданудың әсері болар, қалай болғанда да, осының барлығы латын қарпіне өтудің алғышарттарын толығымен қалыптастырды деуге негіз болады.
– Дегенмен де, бұл шараны бірден қарапайым көпшіліктің сүйіспеншілігін оятты деуге ертерек тәрізді.
– Иә, сөзіңіздің жаны бар, елде өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың жеке басына тікелей қатысы бар мәселе болғандықтан ешкім бұған бейжай қарай алмайды, «Бұл қалай болар екен?» – деген аз-кем уайымның да бар екені жасырын емес. Бүгінгі қоғамымызда «Бұл бір жақсы болар еді!» деген үміт сәулесінен де гөрі сол күмәнді тұсы басымырақ болып тұрғаны да байқалады.
– Күмәнді жағының басым болып тұруына не себеп?
– Оған бірнеше себептер болуы мүмкін, оның бастыларының бірі – бұрынғы 42 әріпті қимау, қоғамда талас-талқының көп орын алуы, бірауызды пікірлердің болмауы, мамандардың да өз арасында келіспеушіліктердің болуы және соның нәтижесінде жалпы қарапайым көпшіліктің «Латынға көшу не үшін керек?» деген сұраққа толыққанды жауап таба алмауы салдарынан деп ойлаймын. Осыдан келіп «Көшпей-ақ қойған жақсы емес пе?» деген көзқарас белең алады. Сондықтан, менің ойымша, осы сәтте бірінші кезекте қарапайым халықтың не үшін латын қарпіне көшіп жатқанымызды білуі қажет.
– Ендеше, осы «не үшін қажет?» деген сұрақтың басын ашып айтып берсеңіз.
– Жаңа әліпбимен латын қаріпті жазу-сызуымыз орнықты қалыптасып кетіп жатса, бұл бірінші кезекте біріктіру деген үлкен мақсатты функция атқарған болар еді. Яғни, шетелдерде туып өсіп, өмір сүріп жатқан қандастарымыз елдің тыныс-тіршілігімен бірге тыныстап отыра алатын болады, түркі әлемімен де өзара байланыс нығая түсетін болады. Себебі, қазір түркі жұртшылығының көбі латын қарпінде, олармен де бір-бірімізді оқып түсінісе кету бұрынғыдан гөрі әлдеқайда жеңілдер еді. Бұған қоса, ағылшын тілінің маманы ретінде өз тәжірибемнен білетінім, батыстың конференция, конгрестерінде зерттеулеріміз бойынша презентациялар жасайтын кездерде, немесе ағылшын тілді басылымдарда еңбектерімізді жариялайтын болсақ, «Қазақ тілінде немесе мәдениетінде мынадай деген ұғым бар, ол мынаны білдіреді» деп айтқымыз келген уақыттарда, осы латын қаріпті жазуымыздың болмағаны бірқатар қиындықтар туғызумен келеді. Басқаша айтқанда, біраз уақыттан бері осы латын қарпіне көшудің қажеттілігін өз басым сезініп келемін. Осылайша, жақынымызбен де, алысымызбен де байланыс орнап, ғаламдық айналымға енер едік. Осындай үлкен міндеттердің үдесінен шығатын мықты әліпби керек.
– Бәрекелді, енді осының барлығы оң шешімін табатын болады дейсіз ғой. Соңғы сұрақ, осы бекітілген әліпби нұсқасы сол Сіз айтып отырған мықты әліпби ме? Нақты және соңғы нұсқа ма?
–Елбасымыздың өзі әліпби деген қатып-семіп қалған өзгермейтін нәрсе емес деп, мамандардың жан-жақты зерделеніп, ғылыми негізделген тоқтамдарына қарау керектігін меңзеп отыр ғой, олай болатын, болмайтынын уақыттың өзі де көрсетті. Сондықтан бекітіліп кеткен нұсқаға да аз-кем түзетулер керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.