Әлемдік өркениеттер, әлемдегі таңғажайып жетістіктер қандай да бір мемлекеттер мен қоғамдарға тән болғанымен, сол әлемдік өркениетке қолтаңбасын қалдырған жекелеген тұлғалар көп емес. Қазақ халқы үшін сондай ерек тұлғаның бірі – адамзат білімінің молайып, ақыл-парасатының жетілуіне орасан зор еңбек сіңірген ғұлама Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби. Ал, осы ұлы тұлғаның өмірін басынан аяғына дейін зерттеп, арабша жазған еңбектерін қазақ тіліне аударып, оның біздің қазақ топырағынан шыққанын әлемге мойындатқан «ХХ ғасырдың әл-Фарабиі» атанған Ақжан әл-Машани болған еді. Бұл ретте орта ғасырлық мұсылмандық Шығыста «Екінші ұстаз» ретінде танылған Әбу Насыр әл-Фараби жайлы айтқан кезде әл-Машани туралы айтпай өту мүмкін емес.
Бүгінде осы тұлғалардың қазіргі ұрпаққа маңыздылығын олардың еңбектерінің ғылымға қосқан үлесін насихаттау мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай шараның бірі біздің ауданымызда да өтті.
Нақтырақ айтқанда, кеше Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында осы мекеменің ұжымы мен «Руханият-Әбу Нәсыр әл-Фараби» музейі бірігіп, «Әл-Фараби танудың бастаулары» атты көрме ұйымдастырды. Оның барысында аталған музейден келген ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Жанболат Оралбайұлы шараға қатысқан мектеп оқушыларына ғұламалардың өмірі жайлы айтып, Түркістан облысында орналасқан музейден әкелінген ІХ-Х ғасырлардағы саз сырнай, Әл-Фарабидің жерленген жерінен әкелінген топырағы мен тастарды, оның «Ұлы музыка» атты екі томдық кітабын және де Ақжан әл-Машанидің ойшыл ғұлама жайлы жазған көптеген мағлұматтары мен суреттерді таныстырып өтті. Сонымен қатар, оқушылар осыған дейін басқа жерлерде айтылмаған бірқатар ақпараттарға қанық болды.
Көрме соңы «әл-Фараби мен әл-Машанидің ұлттық ғылым мен мәдениет тарихында алатын орны» атты шараның екінші кезеңіне ұласты.
Дөңгелек үстел барысында оған арнайы келген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің өкілі, машанитанушы Гүлсім Садақбаева мен «Атамекен» музейінің аға ғылыми қызметкері Алпамыс Абу жиналған оқушыларға ғұлама ғалымның шығармашылық мұрасымен кеңінен таныстырды. Әл-Фарабидің ғылымға қосқан үлесіне тоқталып, оның еңбектерінің маңыздылығын айтып өтті. Сондай-ақ, жер жүзі елдерінің кітапханаларында шашырап жатқан Әл-Фараби еңбектерін жинап, 1969 жылы бабамыздың Дамаск қаласынан бейітін тапқан, ұлы ойшылдың қазақ жерінде туғанын дәлелдеген профессор Ақжан әл-Машани жайлы да кеңінен әңгімеледі.
Шара соңында оқушылар айтылмаған өзге де ақпараттармен танысу мақсатында тағы да бір рет арнайы ұйымдастырылған көрмені аралап шықты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.