Жуырда «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай танымдық конференция өтті.
Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – бәрімізге танымал ұлы жерлесіміз, Батыс пен Шығысты терең білімімен бас идірген Әбу Насыр әл-Фараби. Биыл, міне, дүниежүзілік білім мен мәдениеттің екінші ұстазы атанған данышпан, адамзаттың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толып отыр. Осы ретте өткен аптаның жұмасы күні Шамалған округіндегі «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында мектеп оқушыларына арналып тағылымды шара ұйымдастырылды.
Есімі дүниежүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келе жатқан тарих перзенттерінің бірі және бірегейі әл-Фарабидің бай рухани мұрасын насихаттауды мақсат еткен шараға Үшқоңыр қазақ орта мектебі мен Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты. Аталмыш орталық пен әл-Фараби атындағы дарынды балаларға арналған орта мектеп-гимназиясының бірлесе ұйымдастыруымен өткен конференция барысында ғұлама ойшылдың өмірі мен оның еңбектерінің құндылығы, маңыздылығы қарастырылды. Гимназияның ұстаздары мен оқушылары әль-Фараби туралы өздерінің дайындаған ғылыми жұмыстарын қысқаша слайдтар арқылы әңгімелеп, өз ойларымен бөлісті.
Әл-Фараби – Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған данышпан, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактаттар жазған. Өкінішке қарай, осынау ұшан-теңіз рухани туындылардың көбісі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен болатын. Аталмыш конференцияда ұстаздар мен оқушылар әл-Фараби атамыздың жоғарыда атап кеткен салаларда жеткен жетістіктері мен жаңа ашулары туралы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, жиында Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі жайлы және де онымен медецина, логика, жаратылыстану ғылымдары мен грек тілінен білімдерімен бөліскен Юханна ибн Хайланан, Әбу Башар Маттадап, Абубәкір ибн Сиржбен сияқты ұстаздары туралы айтылды. Конференцияда ғұлама ойшылдың өмірі мен ғылымға әкелген үлкен үлесі туралы кеңінен сөз болды. Шараға қатысушылар әлемнің екінші ұстазы атанған даңқты тұлғаның өмірі мен оның еңбектері туралы көптеген мағлұмат берген гимназияның мұғалімдері мен талапкерлеріне өздерінің алғыстарын білдірді.
Жиын соңында гимназияның директоры Бақшагүл Мұстафина сөз сөйлеп, конференцияға қатысушылар мен оны өткізуге атсалысып, қол ұшын берген «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.