Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік-менің мақтанышым» тақырыбында жастармен кездесу өтті.
«AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов жүргізген кездесуге Алматы облысының халықаралық ақындар мен жыршылар одағының мүшесі, фольклортанушы, Жетісу жыр мектебінің жаңғыртушысы, жыршы-композитор, «Ұлт рухы», «Ғасырлар үні», «Елдік пен ерліктің шежіре жырлары» атты шығармаларының, «Жыраулар сөзі-тарихтың көзі» хрестоматиялық оқу құралының авторы, Алматы облыстық прокуратурасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбіш Әділбеков, Қаскелең Мәдениет колледжінің және Санжар Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледжінің белсенді студенттеріде қатысты.
Патриоттық жиын барысында 1986 жылы орын алған оқиға кезіндегі қазақ жастарының ерен ерлігі жайында сөз қозғалды. Сондай-ақ, шарада белсенді жастар тәуелсіздік туралы авторлық өлеңдерін оқып, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының бірқатар асыл мұраларын орындады.
Жиын соңында жыршы-композитор Әбіш Әділбеков өзінің жеке қолтаңбасын қалдырып жеке авторлық туындыларын «Кітап-AMANAT» орталығына тарту етті.
Айта кетейік, жиында сөз алған Қаныбек Айтжанов «Кітап-AMANAT» жобасы азаматтардың отандық әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған орталық екендігін айтты.