Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Тамыз кеңесінің биылғы тақырыбы «Keleshekke – kemel bilimmen» деп аталып, конференция барысында ауданымыздың білім саласына қатысты түйіткілді мәселелер қозғалып, өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстар сараланды. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев білім қызметкерлеріне ізгі тілегін білдіре келе, алдағы уақытқа межелі міндеттер қойып, нақты тапсырмаларды да жүктеді.
Осы аптаның алғашқы күнінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысқанТамыз педагогикалық кеңесінде білім беру жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстар айтылып, жоспар-міндеттердің легі ортаға салынды. Жиын алдында аудан басшысы алдымен Мәдениет үйінің фойесінде ауданның білім саласында жеткен жетістіктері көрсетілген көрмені тамашалап, кейін алқалы басқосуға қатысты. Ал, Тамыз кеңесін модератор ретінде аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева жүргізіп отырды. Сондай-ақ, білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі жиынына қала және ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, мектеп директорлары мен ұстаздар, қамқоршылық кеңес мүшелері, одан бөлек, қонақ ретінде республикаға, облысқа, ауданға еңбегі сіңген ардагер ұстаздар қатысты. Тамыз кеңесінде алғаш сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов өткен жылғы білім саласындағы жұмыстардың ретін толық баяндап, жеткен жетістіктерді де жіпке тізіп айтты. Айтылған мәселелердің арасында, әрине, оңды шешімін тапқандардың да бірқатарын сөз етті. Осы және басқа да толымды тірліктерге қатысты баяндаманың қысқаша нұсқасы төмендегідей болды.
Қарасай ауданы бойынша 2018-2019 оқу жылында 54 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде екі жекеменшік, (Немере, Айсаф) және бір облыстық Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын әл-Фараби атындағы гимназиясы, 51 ауданға қарасты жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеді. Сондай-ақ, өткен жылдың 1 қыркүйегінде 57135 оқушы қабылданып, 57338 оқушы оқу жылын аяқтады. Үш ауысымда оқытуды жою мақсатында, С.Керімбеков атындағы орта мектепке 300 орындық, Абай ауылындағы орта мектепке 600 орындық, М.Мәметова мектебіне 300 орындық жапсаржай құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Л.Толстой атындағы орта мектеп, Алмалыбақ орта мектеп гимназиясына, Шамалған бекеті қазақ орта мектебіне 600 орындық жапсаржай құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 50 млн 400 мың теңге қаражат қарастырылды. Алтынсарин атындағы орта мектепке 600 орындық жапсаржай құрылысы басталып, 2020 жылы аяқталуы жоспарлануда.
Бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген үлкен мәселе – ол Әйтей ауылындағы Қосынов мектебі ғимаратының күрделі жағдайы. Осы мақсатта жаңа мектеп құрылысын жүргізу үшін жер телімі қарастырылып, Әйтей ауылына мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 1200 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп, жақын арада бітіп те қалады. Білім саласындағы мекемелер мен қызметкерлердің жұмыс нәтижесі – ол сапалы білім десек, оқу жылының соңындағы аудан бойынша білім сапасы 63,7% құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 5,7%-ға жоғарылап отыр. 59 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісі, 54 оқушы «Үздік аттестат» игері атанды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 2019 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережесіне өзгерістер енгізілді. Яғни, ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу Ережесіне сәйкес 2019 жылы тестілеу 4 рет (қаңтар; наурыз; маусым-шілде; тамыз айларында) өткізілді. Барлығы 11 сыныпты бітірген 1799 түлектің 1289-ы ҰБТ тапсырды. Нәтижесінде 644-і жоғары оқу орындарына грантқа (35,7%), 637-і ақылы түрде оқуға түсті (35,4%). Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 9,11 сыныптардағы 100 жасөспірім О.Жандосов атындағы және Алматы қаласы экономика колледжіне тегін оқуға жолданды.
Тұғыры биік мемлекеттің болашағы білімді және дарынды ұрпақта екені бәрімізге мәлім. Оқушының дарынын анықтап, дамыту – педагогтардың негізгі жұмыстарының бірі. Осы мақсатта 2018-2019 оқу жылында әртүрлі пәндерден аудандық деңгейінен бастап халықаралық дәрежеде өткізілетін олимпиадалар мен жарыстардың 32 түріне аудан бойынша 6069 оқушы қатысып, жақсы нәтижелер көрсетті. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Туған жер», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасын, «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруға бағытталған жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Ауданның барлық мектептерінде тәрбие жұмысы негізгі 8 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Балаларға тәрбие беру барысында олардың қызығушылықтарына дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы бос уақыттарын тиімді пайдалану жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде оқушылар түрлі байқау, жарыстарға қатысып, өз дарындары мен өнерлерін паш етуде. 2019 жылдың жазғы кезеңінде 55409 оқушы демалыс және жұмыспен қамтылды. Ол жалпы оқушылардың 99,9% құрады. Аз қамтылған, әлеуметтік қорғауды қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 1741 оқушы жалпыға бірдей білім беру қорынан қарастырылған 37 млн 431 мың 500 теңгеге жазғы сауықтыру лагерінде демалды.
Заманауи мектептердің мазмұны мен технологияларындағы өзгерістердің инновациялық сипаты қосымша білім беру есебінен күшейтілуі мүмкін, себебі, қосымша білімде қызметтің түрін таңдаудағы еркіндікті, яғни, тұлғаның өзін шынайы шығармашылық жағынан танытуына мүмкіндік береді. Бүгінгі күні аудан бойынша 2 музыка мектебі, 3 спорт мектебі жұмыс істейді. №1 Алмалыбақ балалар музыкалық және жекеменшік «Серпін» балалар өнер мектебінде барлығы 230 оқушы әртүрлі 8 бағыттағы секциялар мен үйірмелерге қатысады.
Сонымен қатар, тағы бір қуантатын жағдай – Үшқоңыр ауылында олимпиадалық спорт түрлерінен жаттықтыратын, 1800 жасөпірімдер мен балаларды қабылдайтын «Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылуы. Бұл игі іс балалар мен жасөспірімдерге қолжетімді спорт пен саламатты өмір салтын қамтамасыз ететін болады. Мемлекет білім алу құқығын білім беру жүйесін дамыту, оның жұмыс істеуінің құқықтық негізін жетілдіру және ҚР Конституциясына сәйкес білім алу үшін қажетті әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау арқылы қамтамасыз етеді. Мектеп жасындағы балаларды толық оқумен қамту мақсатында тамыз айының 1-і мен қыркүйек айының 30-ы аралығында «Мектепке жол» акциясы өткізілуде. Айлық барысында әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына материалдық тұрғыда көмек көрсету мақсатында мектепке жол акциясы «Жүректен – жүрекке!» ұранымен өткізілуде. Бүгінгі күні аталған акция шеңберінде 649 оқушыға көмек көрсетілді. Атқарылған жұмыстар бойынша ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз болғанымен, кемшіліктер мен мақсаттарға жете алмаған бағыттар да бар. Жаңа оқу жылында аудан бойынша оқушы орнының тапшылығына байланысты кейбір мектептерде үш ауысымда жұмыс жүргізілмек Сонымен қатар, орыс сыныптарында сабақ жүргізетін пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі, инклюзивті білім беруге байланысты арнайы мамандардың тапшылығы сияқты бірқатар келелі мәселелер бар. Жаңа оқу жылында аталған кемшіліктерді жою мақсатында нақты жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
Аудандық білім бөлімінің басшысының баяндамасынан кейін Шалқар орта мектебінің директоры Тазагүл Қасымбаева, Шамалған ауылындағы орта мектептің ағылшын пәнінің мұғалімі, жас маман Ерден Қоқымбай және С.Керімбеков атындағы орта мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бахтигүл Эскараева сынды жарыссөзге шыққандардың өтініш-тілектері мен алғыс сөздері де тыңдалынды. Ал, осыдан кейін аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы сөйлеп, жиын барысында ортаға салынған мәселелерге қатысты ойын білдірді. Сонымен қатар, аудан басшысы айтылғандардың барлығы назарға ілінетінін жеткізіп, сапалы білім беру мен саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ету керектігін де атап айтты.
«Keleshekke – kemel bilimmen» деп аталатын биылғы Тамыз кеңесінің соңы аудандық білім беру қызметкерлерін марапаттау сәтімен аяқталды. Яғни, өз кезегінде аудан басшысы Жандарбек Далабаев білім жолында талмай тер төгіп, дарынды жастардың қатарын көбейтуге атсалысып, ауданның абыройы үшін қызмет етіп жүрген ұстаздарға Алғыс хатын табыс етті.
Дидар МУХАМАДИЕВ.