Жуырда Талғар ауданы Кеңдала ауылдық округінде аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы А.Аскербековтің, әкімдік пен тиісті мекеме басшыларының қатысуымен ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Халық алдында округ бойынша атқарылған жұмыстар, ауылдың әлеуметтік – экономикалық жағдайы және даму болашағы туралы Кеңдала округінің әкімі А.Өмірзақов есеп берді.
Айта кетейік, Кендала ауылдық округінің құрамына Кеңдала, Ақдала, Ақтас және Еңбекші ауылдары кіреді. Сондай-ақ, ауылдық округ аумағында 77 саяжай серіктестіктері орналасқан. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы статистика бойынша халықтың саны – 16 363 адам.
Есеп берген округ әкімінің мәлімдеуінше, ауылдық округте ауыл шаруашылық саласымен айналысатын 6 заңды тұлға, 164 шаруа қожалықтары бар. Ауыл шаруашылығы мақсатында 3276 га жер тіркелген, оның ішінде 2459 га егістік, 615 га жайылым, 202 га тыңайтылған жерлер. Округте 5051 бас ірі қара малы, 1879 бас ұсақ мүйізді мал, 284 бас жылқы, 3500 бас құс өсірілуде.
Бүгінде округте құрылыс материалдарын өндіретін «Вектор Строй Монтаж», «Салбен груп», тас өндіру және өңдеумен айналысатын «Асфальтобетон», «Өзентас», «Камекс Алматы», «Актас М», «Береке тарту» жұмыс істеуде.
Халыққа қызмет көрсету саласында барлығы 88 нысан тіркелген. 50 сауда нысаны, 26 халыққа тұрмыстық қызмет көрсету объектілері және 12 қоғамдық тамақтандыру орындары бар. Биыл Смыков көшесі бойында «Гурман» асханасы, «BIG -market», «Корзина» сауда кешендері, «Айсұлу» шағын маркеті және «Кеңдала» қоғамдық моншасы ашылды.
Округтегі су құбырларының жалпы ұзындығы – 40,4 шақырым. Ауылдық округтегі 4 елді мекеннің барлығы ауыз сумен қамтамасыз етілген.
– Ағымдағы жылы «Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесімен «Ақдала ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру және салу» ЖСҚ әзірленіп, 2024 жылғы бюджеттік өтінімге енгізілді. «Еңбекші ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру және салу» ЖСҚ әзірленді. Алайда, «Алматы су» ШЖҚ МКК су желілеріне қосылуға техникалық шарт бермеуіне байланысты, қазіргі таңда жобаны іске асыру мүмкін емес, – деді округ әкімі.
Білім беру саласына тоқталған А.Өмірзақов 2022-2023 оқу жылында 5 мектептегі оқушылардың жалпы саны 5 322 жеткенін жеткізді. Оның айтуынша, округ аумағында 585 орындық 8 жекеменшік балабақша орналасқан. Кеңдала ауылында «Алақай», «Айсұлтан», «Альтаир» шығармашылығын дамыту орталықтары жұмыс істейді. Қыркүйек айында «Болашақ» жекеменшік мектебі өз жұмысын бастады.
Ауылдық округ аумағында 4 денсаулық сақтау мекемелері орналасқан. Олар: Кеңдала және Еңбекші ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Ақтас ауылындағы және «Автомобилист» саяжайындағы медициналық пункттер. Бүгінгі күні аталған денсаулық сақтау мекемелерінің барлығында «A-Сlass Medical» мекемесі тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кеңдала дәрігерлік амбулаториясында 10 мыңға жуық адам қызмет алады.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 254 отбасына көрсетіліп, 87,1 млн. теңге төленді.
Биыл Еңбекші ауылы Жайық көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына 1,6 шақырым жолға 62 млн.тг. қаражат қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылған. Кеңдала ауылы Наурызбай батыр, Майлин көшелері, Ақдала ауылы Талас, Есіл, Қазығұрт, Алмалық көшелері, жалпы ұзындығы 2,3 шақырым жолға 65 млн.теңгеге маршруттық тәсілмен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Еңбекші ауылының Бейбітшілік көшесіне қиыршық тас төсеуге 30 млн. теңге бөлініп, 1,3 шақырым жол жөнделді.
Сондай-ақ аудан әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың шілде айында Ақдала ауылы Новая көшесі 270 м жолға асфальт төселді. Ақдала ауылы жаңа құрылыс көшелеріне қазық қағылды. Кеңдала ауылы Талғар,Сайрам, Жібек жолы, Аманжолов көшелеріне ой-шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталды. Кеңдала а/о Алматы-Кокпек-Көктал-Хоргос автомобиль жолының бойына жарықтандырылған жаяу жүргінші жолағы және бағдаршам орнатылды. «Талғар-Байтерек» автомобиль жолына жаяу жүргінші жолақтарын жаңарту бойынша жұмыстары жүргізіліп, аялдамалар жаңартылды.
Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына тоқталған округ әкімі елді мекендерде облыстық трансферттен бөлінген қаражат есебінен түнгі жарықтандыру шамдарын орнату жұмыстары басталғанын атап өтті. Аталған жоба аясында Кеңдала ауылының 23 көшесі, Ақтас ауылының 1 көшесі, Ақдала ауылының 2 көшесі жарықтандырылмақ. Атап айтқанда, Ақдала ауылындағы Хан Тәңірі және Новая көшелері. Ақтас ауылына 1 трансформаторлық қосалқы станса орнатылуда. Сонымен қатар, Ақдала ауылы жаңақұрылыс аумағына 1 трансформаторлық қосалқы станса орнатылды. Қосу жұмыстары аяқталуға жақын.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 9 млн 941 мың қаржы бөлініп, Кеңдала ауылының Сейфуллин, Майлин, Нурпейісова, Ж.Жабаев, Тауке хан, Құрманғазы, Береке, Сайрам, Мерей, Шымбұлақ, Талғар көшелері жарықтандырылды. Еңбекші ауылы Болашақ, Жайық, Алтынемел, Егемен, Ордабасы, Қонаев көшелеріне жарық шамдарын орнату үшін «RAMADAN SK» ЖШС-мен 2 800 000 теңгеге келісім-шарт жасалынып, көшелер жарықтандырылды.
«Шабыт 2021» Гүлдала ерікті мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігімен ағымдағы жылдың 10 сәуірінде Кеңдала ауылдық округінің әкімдігі ағаштарды санитариялық кесу жұмыстары бойынша 1,8 млн тг қаражатқа келісімшарт жасалып, жұмыстар атқарылды.
Кеңдала ауылы Смыков көшесінде орналасқан спорт алаңының құрылысы және оған қызмет көрсету үшін тұрақты пайдалану құқығындағы жалпы көлемі 0,27 га жер учаскесінің құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарына өтінім дайындалуда. Кеңдала, Еңбекші және Ақдала ауылдарында балалар ойын алаңын орналастыру мақсатында жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, әр ауылда санитарлық тазалық, сенбіліктер ұйымдастыру, апатты қоқыс орындарын оқшауландыру жұмыстары тұрақты түрде күнделікті жүргізілуде.
Әкімнің есебінен кейін аудан әкімінің уақытша қызметін атқарушысы А.Аскербеков пен тиісті мамандар тұрғындардың қойған сұрақтарына жауап берді.
«Племзавод «Алматы» АШӨК төрағасы, Ақдала ауылы Қарқаралы көшесі тұрғыны Р.Ахметжанов төрт мәселе көтерді:
1. Ақдала ауылындағы №49 трансформаторлық қосалқы стансаның жүктемесі көп, жарық қуаты әлсіз;
2. «Билайн» байланыс мұнарасын іске қосу;
3. Қарқаралы, Сырдария көшелеріне жөндеу жүргізу;
4. Учаскелік полиция инспекторлары ауылда рейдтік жұмыстарын жүргізбейді.
Бұл сұрақтарға әкімдік тарапынан тиісті мамандар жауап берді. Анығын айтқанда, Ақдала ауылындағы №49 трансформаторлық қосалқы станса Талғар аудандық РЭС теңгерімінде, ал бағаналары мен электр желілері тұтынушы иелігінде. Ауылдық округ әкімдігі тарапынан Ақдала ауылындағы трансформаторлық қосалқы станса, электр линияларының құрылысы бойынша бюджеттік өтінім берілді.
Ал «Билайн» абонентінің өкілдері Талғар аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінен келісім алу қажеттігі туралы айтты. Оларға сәулет және қалақұрылысы бөліміне бару қажеттігі және келісім беретіндігі жөнінде түсіндірілді.
Қарқаралы, Сырдария көшелеріне өтінім берілген, алайда «Ақдала ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру және салу» ЖСҚ дайын болғандықтан, жолдарды жөндеу су құбырлары тартылғаннан кейін іске асырылады.
Төртінші мәселе бойынша учаскелік полиция инспекторларына ескерту жасалынды.
Жиынға қатысқандардың сұрақтары көбіне көшелерді жарықтандыру, жаңақұрылысқа өтетін жердегі көпірдің тарлығы, жолдар төңірегінде болды. Әкім барлық мәселе ескеріліп, шешімін табатынын жеткізді. Аталған кездесу тұрақты түрде алдағы уақытта да өткізіліп тұратыны айтылды.
Сәуле ҚҰРМАНТАЕВА.
Талғар ауданы.