Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы халықтың әл-ауқатының өсуі мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне арналды. Жолдау аясында Президентіміз бірнеше бағытта мақсат-міндеттерді айқын атап өтті. Әсіресе, кәсіпкерлік сала өзіме жақын болғандықтан, Елбасының шағын және орта бизнесті дамыту бойынша айтылған басым бағыттары қатты ұнады.Ұлттық банк тарапынан осы салаға 600 миллиард теңге несиелеуі жүктелді. Меніңше, бұл әрбір кәсіпкер үшін өз ісін дөңгелетуге таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Одан бөлек, Көшбасшымыз «Бизнестің Жол Картасы – 2020» бағдарламасын тағы жалғастыруды көздеді. Ол үшін жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Осындай мүмкіншіліктерді пайдаланып, жаңа жобаларды жүзеге асыру – өз қолымызда.
Экономикамыздың қарқынды дамуына осындай ұсыныс пен қолдау білдірген Елбасына айтар алғыс көп. Оларды жүзеге асырып, тыңғылықты жұмыс атқару – біздің міндетіміз.
Әділ ӘДІЛХАНОВ,
аудандық мәслихаттың депутаты,
«Khama Park» мейрамханалық кешенінің директоры.