Осы аптаның сәрсенбісінде Қаскелең қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ясин Абдулла аудандық «Nur Otan» партиясының ғимаратында бірқатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін азық-түлік жиынтығын таратты.
Қайырымды жанның игі бастамасы аудандық «Nur Otan» партиясының негіз болуымен «Бақытты отбасы» және «Халыққа көмек» атты жобалары аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жиынға аталған аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филалының директоры Орынбай Жанәділ, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиев, Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Гүлнар Молдамсеитова қатысты. Бұл жолы жеке кәсіпкер Ясин көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі бала асырып отырған 20 отбасыға қажетті азық-түліктерінің жиынтығын өз қолымен берді. Мұндай игі іске өте риза болған отбасылардың барлығы қайырымдылық жәрдем берген демеушіге үлкен алғыстарын айтып, ақ тілектерін білдірді. Мейірімді кәсіпкердің бұл алғашқы қайырымдылық шарасы емес. Жақсылықты жанына жолдас қылған Ясин аяғына нық тұрып, кәсібін дөңгелете бастағаннан бері айналасындағыларға барынша қайырымдылық жасауға тырысады. Бұған дейін аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға қыстық аяқ киімдер сыйлап, қатты қиналған жанұяларға қаржылай, заттай көмек қолын созған. Жомарт азамат бұл жасаған жақсылығымен шектеліп қалмайтынын айтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.