Жуырда жомарт жанның қолдауымен ауданымызға қарасты Іргелі ауылдық округінде орналасқан Кемертоған орта мектебінде заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа информатика кабинеті ашылды. Бұл оқушылардың дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашпақ.
Аталмыш мектептің басшылығы қосымша сыныптар ашу үшін ауданымызда орналасқан «Kz Recycling» ЖШС-ның бас директоры Каирбек Кенбаевке жүгініп, қолдау көрсетуді сұраған. Жомарт кәсіпкер бірден келісіп, мектеп ғимаратындағы фойенің бір жағын бөліп, екі кабинет жасап берген. Мұнан кейін оқушыларды тағы бір қуанту мақсатында басқа фойены бөліп, жеке кабинет қылған. Одан кейін 10 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, парта, шкаф сияқты жиһаздармен жабдықтап, оқушыларға арналған 18 моноблок пен интерактивті тақта алып берген.
Өткен аптаның сәрсенбісі күні аталған кабинет салтанатты түрде ашылып, оқушыларға қолданысқа берілді. Шараға балалармен мұғалімдердің қуанышын бөлісуге келген Каирбек Насырұлын мектептің ардагер-ұстазымен бірге жаңа сыныптың қызыл лентасын қиып, оқушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде мектеп директоры Дархан Нақысбеков бастаған білім ордасының ұжымы жомарт жанға ризашылықтарын білдіріп, құрмет көрсетіп, шапан жауып, өнерлі оқушылардың арнайы салған суреттін сыйға тарту етті. Сондай-ақ, демеушілік жасаған кәсіпкерге аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты да табысталды.
Шара соңында «Kz Recycling» ЖШС-ның бас директоры Каирбек Кенбаев мектеп ұжымына алғысын білдіріп, балаларға сәттілік тілеп, алдағы уақытта да қолынан келгенше қолдау көрсетіп, көмектесетіндігін жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.