Шыңдары көкті тіреген асқақ Алатау баурайынан Ұлы даланың кіндігіне көшіріліп, ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем астана – жаңа ғасыр ғажабынан жаралған жас қала. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты.
Тұңғыш Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.
Ал, 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы – 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Астана Азияның ең солтүстігінде орналасқан.
Бүгінде бүкіл әлем сұлулығына тамсанып, болашақтың қаласы деп көз тігіп отыр. Жас, гүлденген астанамыздың қазіргі уақытта аумағы 722 шаршы шақырымнан, тұрғындар саны 1 миллионнан асады. Қала үш ауданнан – Алматы, Сарыарқа және Есіл ауданынан тұрады.
Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының негізі — сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары болып саналады. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.
Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды.
Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері — Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.
Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды.
Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Соның ішінде ең маңыздысы 2017 жылы өткен «Expo-2017» халықаралық көрмесі болатын.
2019 жылдың көктемінде елорда атауы тағы өзгерді. Қазақстанның екінші Президенті 2019 жылдың 20 наурызда ұлықтау рәсімінде ел астанасын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды. Осылайша 23 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды.
Астана – сан түрлі арман-қиялдарды жүзеге асырып, сан қилы тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те көркем қала. Бас қаламыздың бүгінгі көркі жүрек шымырлатып, сұлулықтың жылы лебімен тербейді. Бүгінгі өмірдің талабына үндесе көтерілген ғимараттар көрген жанды баурап алады, көңілімізді шарықтатады. Жаңа заманда көркейіп қалыптасып жатқан астанамыз өсе берсін! Асқақтай бер ару қала – елорда!
А. НИЕТҚАЛИЕВА,
АОМА Қарасай филиалының архивисі.