Бірқатар мәселелерін алға тартқан қарасайлықтар дүйсенбі күні аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың кезекті қабылдауында болып, жеке басына қатысты және көпшіліктің атынан өтініштерін ортаға салды. Аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залындағы жиынға аудан басшысының орынбасарлары мен бірнеше бөлім басшылары да қатысып отырды.
Жандарбек Ермекұлының ай сайын әдеттегідей өткізетін қабылдауы мемлекеттік мекемелердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтасыз ету мақсатында өткізілді. Бірнеше сағатқа созылған кездесуде түрлі салаға қатысты мәселелердің көбі қамтылды десек те болады. Әсіресе, жер мен баспанаға қатысты сұрақтың төңірегінде біраз ойлар айтылып, жауапты басшыларға тапсырма берілуімен кейбірінің шешімі сол мезетте бірден табылып та жатты. Мәселен, мал шаруашылығын қолға алуды көздеген Нұрлан Махамбетов жайылымға жер сұрап, ұсақ малдың басын арттырсам деген ниетін білдірді. Ал, аудан әкімі бұл ұсынысты бірден қолдап, фермерлік немесе шаруа қожалығына қатысты жер телімдерінің конкурсы болатынын айта келе, бұл бастамаға қалайда қолдау бідіретінін жеткізді.
Жиын барысында Береке ауылының бір топ тұрғындарының өтініштері де көпшілік арасындағы талқылауға айналды. Ауылдастардың айтуына қарағанда, қоқыс жинау бойынша екі мекеме жауапты болса, соның бірі жұмыстарын талапқа сай атқара алмайды және қызметтік сапасы да төмен көрінеді. Бұл жайттан хабардар округ әкімі Бекжан Әбжан алдағы уақытта екі мекеменің басшылығымен жеке кездесіп, барлығының мән-жайын анықтайтынын айтты.
Аудан әкімінің қабылдауында тұрғындар тарапынан әлеуметтік және тұрғын үйдің кезегіне қатысты мәселелер де қозғалып, жан-жақты пікір айтылды. Әсіресе, атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік жәрдемақыға қатысты сұрақтар ортаға салынды. Заң айналасындағы кейбір түсініксіз жайттар жайында аудан басшысы өзінің ойын да айтып, жауапты басшыларға осы салаға қатысты мәселені қолға алуды тапсырды. Ал, баспанаға мұқтаж жандарға мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұруға немесе мемлекеттік бағдарламалар аясында қарастырылатын мүмкіндікті пайдалануға кеңес берді. Осы ретте, қабылдауға келгендердің кейбірінде құжаттың жоқтығы, я болмаса оның жетіспеушілігі де айтылған болатын. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев бұл жағдайдың да оңтайлы шешімін қарастырып, әкімдік тарапынан қолдау болатынын түсіндірді.
Осылайша, аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы жиын барысында кездесуге жазылғандардың ойларын тыңдап, заң шеңберінде барлығын назарға алатынын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініштеріне қатысты кейбір атқарылатын жұмыстардың да ретін толық түсіндіріп өтті.
Дидар МУХАМАДИЕВ.