Көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары елімізде кешенді түрде іске асып, оларға көрсетілер көмек түрі де жыл сайын артуда. Бұл туралы облыс орталығы Талдықорғанда «Алматы облысының әлеуметтік картасының мақсаттарын жүзеге асыру» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жетісу өңірінде 40 мың 409 көп балалы отбасы 165 мың бала тәрбиелеп отыр. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес, жыл басында облыстың «Әлеуметтік картасы» дайындалып, бұл бағытта жергілікті бюджеттен 3,4 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 млн. теңгеден тұрғын үй сертификаттары үшін барлығы 300 млн. теңге, ал, табиғи газға қосылу үшін аз қамтылған және көп балалы отбасыларына жеңілдетілген мүмкіндіктер үшін 500 млн. теңге жұмсалу көзделіп отыр.
Сондай ақ, аз қамтылған және көп балалы отбасыларына жыл сайын жоғары оқу орындарына түсу үшін 100 грантқа 44,3 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күні барлығы 206 білім алушы жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқытылуда.
Жалпы, облыс бойынша 1-4 сынып оқушылар саны 179 450 құрайды, оның 22 863 тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан қосымша 18806 бала 100% тегін ыстық тамақпен қамтылса, 6955 көп балалы аналар 1 сәуірден бастап қалалық автобустарда тегін жүру мүмкіндігіне ие болды. Ал, сауықтыру маусымында облыстың 40 мың жетім және көп балалы, аз қамтылған отбасы балалары жазғы демалыспен тегін қамтылады.
– Жыл басынан бері Жетісу жеріндегі аудан, қала кәсіпкерлері батыр аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 60 үй сатып алып берді. Бұл игі бастама осымен шектелмейді, Алматы облысының бір де бір отбасы қамқорлықсыз қалмайды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады және тұрақты бақылауға алынды, – деді облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев.