Осы аптада Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов басқарды.
Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе «Ауданда криминогендік жағдайды болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы» болды. Оған қатысты аудандық полиция басқармасының басшысы Ельзат Қанатұлы есеп берді. Сондай-ақ ол жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша және кәмелетке толмағандардың ісі жөнінде баяндама оқып, ұсынысын жолдады.
Ельзат Қанатұлының айтуынша, аудан аумағында кәмелетке толмағандармен жасалатын құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында Ювеналдық полиция инспекторларымен «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді.
«Рейдтік іс-шараларды өткізу барысында Полиция басқармасына сағат 23.00-ден кейін үй-жайларынан тыс жерде заңды өкілдерісіз жүрген балалар мен жасөспірімдер жеткізіліп, нәтижесінде 180 ата-ана, сондай-ақ балаларды тәрбиелеу, оқыту және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 71 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар арасында қадағалау мен қараусыздықтың алдын алу іс-шараларының аясында «Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның» отырысына 21 материал жолданды. Алайда олар бойынша шешім қабылданбады», – дейді аудандық полиция басқармасының басшысы.
Жол қауіпсіздігі мәселесі бойынша «Қауіпсіз қала» бағдарламасына сәйкес, Қарасай ауданы аумағында тұрақты негізде 150 бейнебақылау камералары орнатылған. Бірақ әлі іске қосылмай тұр. Егер осы «Сергек» бейнебақылау камералары іске қосылатын болса, жолдағы тәртіп бұзушылықта азаймақ. Бұл жайында да ауданның бас полицейі әңгіме қозғады.
Жиын барысында қоғамдық кеңестің мүшелері Ельзат Қанаұлына бірқатар сұрақ қойды. Оның басым бөлігі Қарасай ауданындағы ұлтаралық келіспеушілікті реттеу және көше тәртібін сақтау болды. Одан бөлек полиция қызметкерлерін көрген кезде адамдарға қорқыныш сезімі емес, қорғаныш пана бола алатын адамды көргендей халде болуы үшін түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу ұсынылды.
Күн тәртібінің соңғы мәселесі бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев өз баяндамасын оқыды. Қоғамдық кеңес мүшелері қалған қаражатты полиция басқармасының басшысы Ельзат Қанатұлының ұсынысына игерілуін бірауыздан қабылдап, өтініш білдірді.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.
Шұғыла ТЫНЫС.