Ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау», деп бекер айтпаған. Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін де бәріміз білеміз. Онымен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Бүгінгі таңда елімізде жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына ерекше мән берілуде. Осындай игі істер Көкөзек ауылындағы орта мектепте де атқарылып келеді. Наурыз мерекесіне тұспа-тұс келіп, жаңа жылымызға жағымды да жақсы жаңалығымен жас спортшыларымыз үлкен сый жасады. Атап айтсақ, мектебіміздің түлегі, шәкіртіміз,«Абдуали» спорт үйірмесінің жетекшісі Өксікбай Елдостың бастауымен Польша мемлекетінің Марьке қаласында, 23 мемлекет арасындағы «ДЗЮДО» күресінен өткен әлемдік біріншілікке Қазақстаннан 27 бала, соның ішінде Көкөзек ауылындағы орта мектептен 7 оқушы қатысып, еліміздің көк туын биікке желбіретіп, олжалы оралды. Олар: 3 «Б» сынып оқушысы Ермағанбетов Ерасыл – 1-орын, 5 «Д» сынып оқушысы Айтқазы Мирас – 1-орын, 6 «Ә» сынып оқушысы Амиралиев Женисхан – 1-орын, 3 «Г» сынып оқушысы Қажатұлы Нұрасыл – 2-орын, 4 «Г» сынып оқушысы Шыныбеков Сабыржан – 3-орын, 6 «Г» сынып оқушысы Серікұлы Тамерлан – 3-орын, 7 «А» сынып оқушысы Ивадил Ахмет – 3-орын.
Осылайша 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медальды қанжығаға байлап қайтты!
Жеңімпаздарды мектебіміздің ұжымы, Елтай округі әкімдігінің мамандары, ауыл тұрғындары, оқушылар құрмет көрсетіп, гүл шоқтарымен қарсы алды. Мектеп директоры Ж.Манкеева шәкірттеріміздің жеңісіне шын қуанып, жеңімпаздарға өзінің жүрекжарды тілегін білдірді, жаттықтырушы Елдостың еңбегі зор екендігін айтып, сый-сияпатын жасады. Округ әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Абжанұлы жеңімпаздарды құттықтап, Алғыс хат табыс етті.Көктоған ауылының Әжелер алқасының төрайымы Суанбекова Санимбуби ізгі ниетін білдіріп, Көкөзек ауылының «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Жаңабай ата ақ батасын берді. Сондай-ақ, демеушілік жасаған жомарт жан, ауыл азаматы, мектебіміздің түлегі Әбішев Дәуренге үлкен алғысымызды білдіреміз!
К. КЕМЕЛОВА,
Көкөзек ауылындағы орта мектептің мұғалімі.