Қазақстан полициясы күніне орай аудандық ішкі істер басқармасында салтанатты жиын өткізілді. Қарасайлық құқық қорғау қызметкерлері кәсіби мерекені дәстүрге сай, бейбіт күнде ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен азаматтардың рухына құрмет көрсетуден бастады. Ерлікпен өмірден озып, орталарынан кеткен әріптестеріне арналған ескерткішке арнайы гүл шоқтары қойды. Мерейлі басқосуға құқық қорғау қызметкерлерімен бірге олардың жақындары да қатысып отырды.
Шарада сөз алған АІІБ-ның бастығы, полиция полковнигі Асхат Даниярұлы жиналған жұртты Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтады.
–Ішкі істер органдарының 26 жылдығы – егемен елдің тарихындағы саяси мәні зор оқиға. Бұл мереке кәсіби шеберлігі мен ержүректілігіне, тәртіп сақшыларының бірнеше буынымен іргесі қаланып келген Отан мен халыққа қызмет етудің озық дәстүрлеріне деген құрмет болып саналады, – деп атап өтті басқарма бастығы.
Салтанатта қызмет барысында алдыңғы шептен көрінген тәртіп сақшыларын ІІМ-нің, Алматы облысы ІІД бастығығының және аудандық ІІБ бастығының бұйрықтарына сәйкес Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, осы күні бірқатар сақшы сарбаздарға жоғарылатылған полиция шендері тапсырылды.
Жиналғандар тарапынан Әлия Ратайқызы жүрекжарды лебізін білдіріп, өз атынан АІІБ-на сыйлығын табыс стті. Сонымен қатар, ұрпағының бойына отансүйгіштік, қарапайымдылық, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарау сияқты қасиеттерді дарытқан жас мамандардың ата-аналары – Асқар Шортанбайұлы мен Бақыт Әлиакпарұлына Алғыс хаттар ұсынылды.
Мерекелік іс-шара әрі қарай тәртіп сақшыларының күшімен дайындалған концерттік бағдарламаға ұласып, естелікке суретке түсумен түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.