Жылда көркейіп келе жатқан ауданымызда заман талабына сай үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инфрақұрылым тартылып жатыр. Дей тұрғанмен кемшін тұстары өте көп. Әсіресе жол мәселесі бітпейтін жырға айналды. Бүгінде аудан жолдарының тек 30 %-дан астамы ғана жасалып, асфальтталған. Бұл мәселені шешу мақсатында аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы жол картасы жасалып, сол жоспарға сай әр округтегі жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ақпаратына сүйенсек, ағымдағы жылы ауданымыздың 14 көшесі жөнделеді.
Нақтырақ айтқанда, биыл Райымбек ауылдық округіне қарасты үш көше жөндеуден өтеді. Яғни, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында, округке қарасты Қырғауылды ауылындағы Іңкәрбеков пен Райымбек ауылындағы Абай көшелеріндегі жолдар ретке келтірілді. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа Райымбек ауылындағы Байтұрсынов көшесі де толықтай жасалады.
Бүгінде аталған жолдардың жобалық-сметалық құжаттамалары дайын, қажетті қаражат бөлінген. Жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады.
Мұнан бөлек ауданымызға қарасты Іргелі ауылдық округінде биыл екі аудандық және бір облыстық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Іргелі ауылындағы Исагулов көшесінде жақын арада жөндеу жұмыстары басталады. Қажетті қаражат бөлініп қойғандықтан бүгінде жолды жасайтын құрылыс компаниялары арасында конкурс ойнатылуда. Кемертоған ауылындағы Егемендік көшесіне келетін болсақ, ол аудандық бюджетке байланысты. Округ әкімдігінің тарапынан оның құрылысын бастау үшін аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне өтінім беріліп қойған.
Бұған қоса, бүгінде округте Алматы қаласынан келіп, Кемертоған ауылы мен Іргелі ауылының солтүстік жағынан өтетін Рысқұлов көшесінің құрылыс жұмыстарын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізіп жатыр.Қазіргі уақытта қажетті техникалар алынып, жұмыстардың алғашқы кезеңі басталған. Аталған жолдың жалпы ұзындығы 4,05 км.
Тағы бір айта кетері, бүгінде аудан бойынша 85 көшесіндегі (жалпы 100 шақырымнан астам) жолдарға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп қойған, бюджеттен ақша бөлінгенге байланысты жоспарға сай рет-ретімен жасалатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.