Жуырда Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Алдымен кеңес төрағасы Жанат Исағұлов сөйлеп, күн тәртібімен таныстырды.
Сонымен алғашқы кезекте «Іргелі ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы» округ әкімі Арман Қамалбек есеп берді.
Іргелі – аудандағы халық саны көп округтің бірі. Яғни, осы аймақтағы Іргелі, Көксай, Кемертоған елді мекендерінде халық өте тығыз орналасқан. Күндіз-түні дерліктей саудасы қызып жататын аса ауқымды «Алтын орда» базары мен аса үлкен «Апорт» сауда, ойын-сауық кешеніне келіп-кететін адамдар да жетерлік.
Сондықтан бұл жерде проблема, атқарар істер аз емес. Тіпті, айқай-шуы көп деуге де болады.
Арман Даниярұлы өз сөзінде округте атқарылып жатқан жақсы жұмыстар жайында жан-жақты әрі кеңінен баяндап берді. Шешілген және шешімін күткен мәселелерді де атап айтты. Әйтеуір, ел-жұртқа ең алдымен қажетті, әлеуметтік-тұрмыстық маңызы бар өзекті жұмыстарға баса назар аударылып отырғанын жеткізді.
Округтің жай-күйі бойынша Ұлтусын Бархинова, Сағындық Жылқыбаев, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов сұрақ қойып, өз ой-пікірлерін білдірсе, Қаныбек Айтжанов жинақталып қалған көп мәселенің шешіліп қалғанын атап айтып, әкімнің жұмысына сәттілік тіледі. Ал Күлжан Дүйсенова жергілікті әкімді мәдениет мәселесіне тиісті дәрежеде мән беруге шақырса, Тұрғанбек Оразалиев әртүрлі салық жинауды жақсы қадағалау керек екеніне, бұл ретте нақты есеп болу қажеттігіне назар аудартты.
Мұнан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуованың «Қарасай ауданы Жастар ресурстық орталығының атқарылып отырған жұмыстары туралы» хабарламасын тыңдады.
– Егемен еліміздің ертеңі – жастар, – деді өз сөзінде атап айтқанда Жарқынай Қыдырханқызы. – Сондықтан да олармен жұмыс жүйелі, мақсатты, сапалы жүргізілуі тиіс. Біздің ресурстық орталық та осы бағыттардағы істерін үнемі ілгерілету үстінде. Осыған орай сан түрлі іс-шаралар өткіземіз. Олардың ішінде, әрине әр қилы кездесулер, сан алуан бас қосулар, патриоттыққа, отансүйгіштікке, өмірден өз орындарын табуға баулитын, тәртіпке, тәрбиеге шақыратын және қайырымдылық шаралар, спорттық жарыстар бар.
Орталық жұмысы жайында Тұрғанбек Оразалиев, Ұлтусын Бархинова, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов сұрақтарын қойып, жұмысты жақсартуға байланысты пікір-ұсыныстарын ортаға салса, Қаныбек Айтжанов, Күлжан Дүйсенова, Сағындық Жылқыбаев жастар қандай істе де болсын өте белсенділік көрсетуі керек, қай жерде де жастық жалынымен жарқырай көрінуі, барынша бастамашыл болуы, тазалыққа қатысты іс-әрекеттерде де алдан табылуы қажет, деді. Ал Орынбай Жанәділ ресурстық орталықтың жас кәсіпкерлермен де байланысын күшейтуге шақырды.
Келесі кезекте нормативтік-құқықтық актілер ретінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева ұсынған «Қарасай ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулының жобасы мен аудандық кәсіпкерлік бөлімі ұсынған «Қарасай ауданында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын бекіту туралы» қаулының жобасы мақұлданды.
Отырысты Қоғамдық кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылады. Сондай-ақ жиын соныңда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.