Сәрсенбінің сәтінде Алматы облысында «Туған жерге тағзым» атты инвестициялық форум өтті. Оның негізгі мақсаты – шетелдік және отандық инвесторлармен және индустриалды, туристік, аграрлық саладағы компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық орнату, инвестициялық климатты одан әрі жақсартып, қаржылық инфрақұрылымды дамыту. Бұл жиында 150-ге жуық кәсіпорынның, ұлттық компаниялардың және мемлекеттік органдардың өкілдері бой көрсетіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндігін саралады.
Ауқымды жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров, Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев пен еліміздің және шетел инвесторлары, кәсіпкерлері, қаржылық сектор өкілдері қатысты. Облыс басшысы сөз сөйлеп, аймақтың экономикалық әлеуетіне тоқталды.
«Бүгінгі форумның «Туған жерге тағзым» деп аталуы символикалық мәнге ие. Біз Алматы облысының даму стратегиясын қайта қарап, аймақты маңызды көліктік-логистикалық әрі туристік хаб ретінде орнықтыруды мақсат еттік және осы бағытты тұрақты ұстанып келеміз», − деді Марат Сұлтанғазиев.
Жұртшылық білетіндей, Алматы облысы табиғи ресурстары мол, географиялық орналасуы жайлы және инвестициялық климаты бар, экономикасы жағынан дамып келе жатқан өңірлер бірі. Мұны да облыс әкімі тілге тиек етіп, сауда-саттық бойынша өзге елдермен жүріп жатқан жұмысты баян етуді ұмытқан жоқ.
«Өңір бүкіл әлем бойынша 100-ге жуық елмен сауда ынтымақтастығын жүргізіп жатыр. Биылғы 10 айда облыстың экспорт айналымы 122,2 млрд теңгені, ал импорт – 1 трлн 182,1 млрд теңгені құрады», – деді облыс басшысы Марат Елеусізұлы.
Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде өңір экономикасын дамытудың басым бағыттарын айқындап берді. Оның айтуынша, инвестиция салуға логистика, туризм, ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және фармацевтика салалары тиімді болмақ.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев «Туған жерге тағзым» инвестициялық форумында өңірдің туризмді дамыту үшін айрықша әлеуеті бар екенін және туристер үшін тартымды орын екенін атап өтті.
«Бір күнде өңірдің барлық ландшафт аймақтарын саяхаттап өтуге болады. Туризмді дамыту шеңберінде облыста 3 ұлттық парк және республикалық туристтендіру картасы шеңберінде 10 басым туристік аумақтың екеуі орналасқан. Бұл Балқаш көлі мен өңірдің тау кластері. Атап айтқанда Шарын каньоны, сондай-ақ «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka», «Табаған», «Pioneer», «Ақ-бұлақ» тау курорттары», − деді Марат Сұлтанғазиев.
Айта кету керек, биыл облысқа 145,5 мың адам турист ретінде келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға ұлғайғанын нақтылайды.
«Туған жерге тағзым» инвестициялық форумы барысында агроөнеркәсіптік кешен және құрылыс материалдарын өндіру салалары арасында меморандумдарға қол қойылды.
«Бүгін біз сіздермен жалпы құны 819 миллиард теңгені құрайтын 40 меморандумға қол қойдық», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде.
Облыс басшысының сөзін нақтылай келе, ең негізгі кәсіпорындардың арасындағы келісімге атап өтуге болады.
Агроөнеркәсіптік кешен саласы:
• балық кешенін салу бойынша «Оспанова Девелопмент» ЖШС (67 млрд. теңге, 500 жұмыс орнын құруды көздейді),
• бройлер етін өндіру және қайта өңдеу құс кешенін салу бойынша «Прима Кус» ЖШС (63,5 млрд. теңге, 1 076 адамға арналған жұмыс орны),
• жоңышқа өсіру бойынша «Alfalfa»ЖШС (17 млрд теңге, 25 жұмыс орны).
Құрылыс материалдарын өндіру саласы:
• арматура зауытын кеңейту бойынша «Орталық Азия Фу Джоу металл» ЖШС (46,1 млрд теңге, 100 жұмыс орны),
• ЖБИ өндіру зауытын салу бойынша «Алтын таға» ЖШС (32 млрд теңге, 1 200 жұмыс орны),
• кірпіш зауытының құрылысы бойынша «Қонаев кірпіш зауыты» ЖШС («QazClinker» ЖШС) (25 млрд теңге, 150 жұмыс орны).
Жоғарыда аталғандардан бөлек, тағы да өзге кәсіпорындардың арасындағы меморандумдарға қол қойылды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.