Жақында, нақтырақ айтқанда, наурыз айының 14-і күні ауданымыздағы «Аяжан» колледжінде шахматтан аймақтық турнир өтті. Аталмыш интеллектуалдар сайысы ауған соғысының ардагері Төлепберген Қожамжаровты еске алу, сондай-ақ, бұл ойынды оқушылар арасында кеңінен насихаттай отырып, олардың стратегиялық ойлау қабілеттерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Аудан тұрғыны, І разрядты шахматшы Амандұлла Әбдімұратовтың ұйымдастыруымен және аудандық Жастар ресурстық орталығы мен Төлепберген Төлегенұлының жақындарының атсалысуымен өткен турнирге қатысушылардың жас ерекшеліктері әртүрлі еді. Атап айтқанда, олардың арасында зейнеткерлер де, 8-14 жас аралығындағы бүлдіршіндер де болды. Айналмалы жүйеге негізделген жарыс өте тартысты өтті. Ақыл мен тапқырлықты ту етіп, логикалық ойлауға, есте сақтау қабілетін арттыруға септесетін интеллектуалдық ойында зердесі терең шахматшылар үздік ойын өрнегін көрсетіп, өздерінің ойлау қабілеттерінің ұшқыр екендігін дәлелдеді.
Зияткерлік ойынды ұнататындарды бір тақтаға жинаған бәсекенің жеңімпазы болып, ересектер арасында Жандосов ауылының тұрғыны Кенжебек Ермекбаев атанды. Екінші орынды шамалғандық Жәмиет Насанов еншілесе, үштікті жамбылдық Қуаныш Төлегенов түйіндеді. Ал, жасөспірімдер арасында жеңімпаздар болып Айлана Ахмет, Мөлдір Ахметжан, Сәлима Бақытжан, Нұрислан Әріпбай, Назар Сачава, Әлібек Әлібай, Темірлан Жұмабай атанды.
Турнир соңында жарыста топ жарған спортшылардың барлығы, Төлепберген Қожамжаровтың ауған соғысында бірге болған, қарулас досы Серік Жүсіповтың қолынан Мақтау қағаздары мен медальдар алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.