Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі, ауданымыздағы Сүлеймен Демирел Университетінде 2013 жылдан бері «INFOMATRIX-ASIA» байқауы ұйымдастырылып келеді. Аталған сайыстың биылғы кезекті өткізілуі Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге аса бастауымен сәйкес келіп отырғандығы ұйымдастырушыларға да үлкен жауапкершілік жүктегендей. Үш күнге созылған алтыншы халықаралық компьютерлік жобалар байқауына 25 мемлекеттен 450 жоғары сынып оқушысы қатысты.
Жалпы, доданың қатысушылары жеті түрлі негізгі категориядан, атап айтқанда, робототехника, компьютерлік бағдарламалау, компьютерлік графика және өнер, қысқа метражды фильмдер, аппараттық басқару жүйелері, дрондық жарыстар және математикалық жобалар бойынша сайысқа түсті.
Байқаудың мақсаты – ақпараттық технологиялар саласындағы шеберлікті шыңдау, түрлі мемлекеттен жоғары сынып оқушылары мен оқытушыларын біріктіріп, ұлтаралық қатынастарды нығайту, сонымен қоса, мемлекет мәртебесін әлемдік ақпараттық кеңістікте асқақтатуға бағытталған. Бұл сайыс көрмесінде өнертапқыштар сан түрлі жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Атап айтқанда, олардың көпшілігі күн сәулесінің энергиясымен жұмыс істейтін дүниелерді жасаған. Мысалы, Әзірбайжан елінен келген оқушы көп қабатты үйлердегі жедел сатының күн энергиясымен істейтін түрін ойлап тапқан. Ал, Тәжікстаннан келген балалар кез-келген мекеме немесе үйлердің шатырын жылытатын құрылғысын таныстырды. Яғни, олардың ойлап тапқан технологиялары, күн энергиясы арқылы тоқ қуатын алып, қыста шатырда пайда болатын үшкір мұздарды ерітуге арналған. Ал, басқа қатысушылардың аса шығармашылық тапқырлығымен көзге түскен жобалары заманауи қоғамда қарқынды дамып келе жатқан робототехника бағытымен ерекшеленді. Бұдан бөлек, қоғамдағы суицид, қоршаған ортаны қорғау, үлкенге деген құрмет, шыншылдық сынды өзекті тақырыптарға түсірілген қысқа метражды фильмдерді дайындаған жастардың еңбектері жақсы бағаланды.
Сонымен сайыс соңына жетіп, барлық жеті категорияның алтауы бойынша бас жүлде отандық жас өнертапқыштардың қанжығасына түсіп, мерейлері үстем болды. Нақтырақ айтқанда, Сулеймен Демирел университетінің 100 пайыздық грантын робототехника сайысы бойынша, яғни, шеңбер ойынында қарсыластарын ұрып шығарған роботының арқасында Алдияр Қабдуллов ұтып алды. Дәл сондай жеңіске науқас адамның өміріне өте қажетті, керек кезде алғашқы медициналық көмек көрсете алатын, сонымен қатар, дәрі ішу уақытын айтып, бақылап отыратын компьютерлік бағдарлама ойлап тапқан Рүстем Хасанов жеңімпаз болды. Ал, үшінші жүлдегер, өзінің жүк тасылмайдай алатын «Syma X8W» дроны арқылы көпшілікті тәнті етті. Жоба авторы Бауыржан Орынбаевтың айтуынша, оның ойлап тапқан дүниесі алыс шалғай жерлерге шағын заттарды ауа арқылы жылдам жеткізіп беруімен ерекшеленеді екен. Төртінші жеңімпаз, Гаухар Турганбекова, дәрі сақтай алатын автоматты дозаторы арқылы қарсыластарынан алға шықты. Бұл құрылғыда жеке науқастың қолына тағатын білезігі арқылы, оның қанша мөлшерде дәрі қабылдауын және қай уақытта ішу керектігін бақылайды екен.
Сонымен қатар, бұл өте таң қалдырарлық технологияларды ойлап тапқан оқушылардың қатарында «Терроризм – бұл адамзаттың көркеюіне қарсы қауіп» деген қысқаметражды фильм түсірген Батырбек Қайыпбай өзінің жобасымен грант иегері атанды. Аты айтып тұрғандай, бұл қатысушының еңбегі бүгінгі таңдағы бүкіл дүние жүзіне үрей тудырып, одан қаншама адамдар құрбан болған терроризм жайлы болды. Соңғы жеңімпаздар Асмир Әбдімажит математикалық жобалар категориясынан қарсыластарын шаң қаптырса, өнер бойынша Гонконг қаласынан келген Лям Хин Чжин тегін оқуға мүмкіндік алды. Ал, басқа украиналық және гонконгтық қатысушылар да алдан көрініп, университеттің оқу ақысының 50 және 30 пайыздық жеңілдіктеріне қол жеткізді.
Айта кеткен жөн, университет «INFOMATRIX-ASIA» байқауын ұйымдастырған соңғы бес жыл аралығында 300-ден аса талапкер байқауға қатысу арқылы мемлекеттік грантқа ие болып, СДУ-да білім алуда.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.