Өздеріңіз білетіндей, әлемді әуреге салған індет біздің елге де жетіп, оның саны күн өткен сайын артып келеді. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, вирустан қорғану кезінде медициналық масканың қажеттілігі қатты білінеді. «Біз біргеміз» волонтерлердің ұранын ұстанған қаскелеңдік Мадина Кішкентаева да ерікті жан ретінде өз үлесін қосуда. Биыл онлайн тігіншілік курсын бітірген соң, қазір барлық тапсырыстарды ысырып қойып, бір реттік медициналық маска тігумен айналысып отыр екен. Мадина бетперде тігу кезінде, дәрігер анасының тәжірибесіне сүйенген. Матаны да Алматыдағы дәріханадан арнайы алдыртқан. Ол тігуді бастамас бұрын жұмыс орнын, пайдаланатын құралдарын спиртпен сүртіп, дезинфекциялап алады.
Біздің кейіпкеріміз аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасылар мен қарттарға 200-ге жуық тегін маска тігіп, таратқан. Көпті алаңдатқан коронавирусқа байланысты Мадинаның бастамасын қарасайлық еріктілер белсенділік танытып қолдап, барынша жан-жақты қол ұшын созған.
Аталған аудан волонтерлері іскер әйелмен медициналық бетперделерді бірге тігіп, кейін бірқатар көп балалы отбасылардың үйлеріне барып таратқан. Онымен қоса өз ақшаларына осы тігіншіге тағы 300 дана бетпердеге тапсырыс беріпті. Енді сол бетперделер төтенше жағдай кезінде ел денсаулығын күзетіп жүрген мамандық иелеріне тегін үлестірілетін болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.