Қазақстандық танымал актер Нұрпейісов Әнуар мен театр, кино актрисасы Азимбаева Айсұлу жақын күндері Хан Тәңірі шыңын бағындырмақ.
Олардың мақсаты – шыңды мүмкіндігінше бағындыру және жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау. 21 күнге созылатын медиа-экспедицияға төрт адам қатысады. Олардың бірі осы екі танымал медиа тұлғалар болса, бірі «Жетісу географиялық қауымдастығының» жетекшісі Демегенов Әнуар және спортшы әрі оператор Александр Кузнецов.
Экспедиция 16 шілдеден бастап 8 тамыз аралығында өтеді. Қатысушылар солтүстік жер шарындағы ең биік нүкте болып саналатын Хан Тәңіріне жарты жыл бойы дайындалған.
Үлкен ерлікті, батылдықты талап ететін бұл шыңға барып, қайта оралмаған адамдар да бар. Сондықтан 7010м құрайтын тауға шығу дұрыс физикалық дайындықты және шыдамдылықты қажет етеді.
«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында, оның ішінде «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде осы медиа-саяхат өткізіліп отыр. Оның мақсаты тау туризмін насихаттау, Жетісу брендін дамыту және жастардың физикалық, техникалық дайындық деңгейін жоғарылату. Экспедиция Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр», – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алпысбаев Рустам.
Жиында, сонымен қатар, «Сampit» туристік экскурсия ұйымдастыру компаниясының негізін қалаушы Әнуар Нұрпейісов те өз дайындығы жайлы айтып берді.
– Биік шыңдарды бағындыру менің жаныма өте жақын. Себебі, осы арқылы өзінді тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да дамытасың. Ал, бұл кез келген адамға өте маңызды деп ойлаймын. Осы ұсыныс түсе салысымен көп ойланып, қайтсем де қолымнан келгенше Хан Тәңірін бағындырамын деген шешімге келдім. Алайда, оның шыңына аман-есен жету оңай емес, – дейді ол.
Сондай-ақ, Альпиниада мен қазақстандық тау клубының мүшесі Азимбаева Айсұлу алға қойған мақсаттары жайлы тоқталып өтті.
– Қыз баласы болғандықтан, осы шақыртуға үлкен жауапкершілікпен қарадым. Қолымнан келе ме, жоқ па деп көп толғанып, ақыры келісімімді бердім. Өйткені, тауға бір шығып қайтқан адам, қайта тауды іздеп тұрады екен. Осыған дейін 4376 метрді құрайтын «Нұрсұлтан» шыңына шықтым. Сондықтан болар, жаңа белестерден асу арқылы тауға деген құштарлығым ашыла түсті. Біздің басты мақсат – ол халық арасында үлкен медиа-резонанс туғызу, – деп қосты Айсұлу.
Айта кету керек, сөз соңында спикерлер тауда түсірілген бейнематериалдарды жеке әлеуметтік парақшаларға салу арқылы халықты жиі хабардар етіп отырады.