Осы аптада еліміздің барлық аймағында «Халық заңгері» акциясы өтіп, оның аясында заңгерлер, адвокаттар мен мемлекеттік орган өкілдері заң тұрғысынан тұрғындарға көмек көрсетті. Аталған шара біздің аудан да ұйымдастырылғанын айта кету керек.
Әр адамның өмірінде заңгерлік көмекке жүгінуге тура келетін сәттер болуы әбден мүмкін. Бірақ заңгер мен қорғаушының қызметін алу үшін едәуір қаражат керек болатыны да баршаға аян. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын қоспағанда, күнкөрісі орташа дегендердің өзі кейде осындай қызметке жүгіне алмай жатады. Осы мәселеге қатысты елімізде «Халық заңгері» жобасы қолға алынды. Оның негізгі мақсаты – жергілікті жұртшылыққа тегін заң көмегін көрсетіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Аталмыш жоба аясында аптаның бейсенбісі күні Қарасай ауданында да «Халық заңгері» акциясы өтті.
Аудандық Мәдениет үйінің фойесінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Zakon.kz» желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттарының ұйымдастыруымен болған шараға тегін кеңес беру үшін ауданымыздың 50-ден астам мекемелерінің өкілдері қатысты. Олар 200-ден астам қарасайлыққа азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, тұрғын-үй, жылжымайтын мүлік, заңды тұлғаларды тіркеу, сот шешімдерінің орындалуы, мүлікті заңдастыру және тағы да басқа мәселелер бойынша кеңес берді.
Айта кетейік, «Халық заңгері» акциясы жыл сайын ауқымды көлемде өткізіліп отырады. Оған еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Мұның бәрі Мемлекет басшысының ашықтық туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.