Қонаев қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік және комплаенс институтын енгізуге арналған форум өтті. Мұндай жиын Алматы облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Басқосуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолындағы үздік тәжірибелер ортаға тасталып, талқыға салынды. Форум жұмысына 250-ге жуық адам, соның ішінде, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары мен комплаенс қызметкерлері қатысты.
Екі сессиядан тұратын форум жұмысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Айдос Мамыт жүргізіп отырды. Жиынды аталған департамент басшысы Серік Орымбетов құттықтау сөз сөйлеп ашты. Бұдан кейін сөз кезегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымға берілді.
–Халқымыздың қазынасы талан-таражға түспеуі үшін барынша еңбек етуіміз керек. Біздің миссиямыз – Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Бұдан кейінгі баяндамашылар қатарында бірқатар сала маманы мінбеге көтерілді. Атап айтар болсақ, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы мен облыс бойынша филиал басшысы Әйгерім Әбілова, Алматы облысы бойынша жемқорлыққа қарсы қызмет еріктісі, әлеуметтік кәсіпкер, «Әлеуметтік бағдарлаушы» қоғамдық қорының басшысы Куляра Маненова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің куратор-комплеансы Асан Айдарханов, «BD Partners LLP» бас серіктесі, Алматы қалалық Салық кеңесшілері бірінші палатасының төрағасы, «Комплаенс бақылауды дамыту орталығы» ЖШС негізгі сарапшысы, анонимді хабарландыру жүйелерін жасаушылардың бірі Вадим Белозеровтар форумның бас тақырыбы төңірегіндегі мәселелер мен ұсыныстар бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасап, слайдтар арқылы көрнекі түрде түсіндіріп берді.
Бірінші сессия бітер тұста «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз» атты республикалық балалардың сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға облысымыздан 70 өрен қатысып, соның 10-ы жеңімпаз атанды. Форум жұмысының соңында басқосуға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар беріліп, күмән туғызған мәселелерге түсіндірме берілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Қонаев қаласы.