Еліміздегі қазіргідей төтенше жағдай кезінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің жайын терең түсіне отырып, көңілге жағатын көптеген жақсы шешімдер шығарды. Бұған барлық халықпен бірге біздер, ардагерлер де, қатты қуанып отырмыз.
Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының шын мәнінде кемел ойлы Президент екеніне көзіміз жетті дей аламын. Өйткені, Мемлекетіміздің басшысы дүние жүзін жайлаған аты жаман індетті ауыздықтап, оның кең таралуына берік тосқауыл қою үшін барлық тиісті жұмысты қолға алғызды. Оның ішінде, әрине, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларына бағыт-бағдар берді.
Сонымен қатар, осындай ауыр кезеңде қиналып қалған халыққа көмек берудің көптеген жолдарын анықтады. Соның нәтижесінде бүгінде мыңдаған жұмысынан айырылған адамдарға жәрдемақы берілуде. Коммуналдық төлемді жеңілдету мәселелері шешілуде. Көп балалы отбасыларына, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетілуде.
Осының бәрі де біздің жүрегімізді шаттандырып, жанымызды жадыратуда.
Мемлекет басшысы ретіндегі еңбегіңіз жана берсін, Құрметті Президент! Халық Сізге өте риза! Өзіңіз айтқандай, біздің тойларымыз әлі алда!
Базаркелді АНИСОВ,
Жібек жолы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.