Осы аптаның алғашқы күнінде ауданымызға арнайы іс-сапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов келіп, Қаскелең қаласының қос бірдей нысанын аралады. Аудан әкмі Жандарбек Далабаевпен бірге Серік Әбікенұлы алдымен №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебімен танысса, содан кейін «Қарлығаш» ықшам ауданының тыныс-тіршілігіне ден қойды.
Халық қалаулысы балалардың спорт мектебін аралау барысында бірнеше жаттығу залдары мен 1000 орындық стадионын көріп, жаттығып жатқан жасөспірімдермен жақын әңгімелесті. Ал, спорт кешенінің директоры Дәурен Төлеген осы нысанның 2018 жылдың 27 тамызында ашылғанын айтып, қазіргі уақытта 770 жас буынды 32 білікті жаттықтырушы жаттықтырып жатқанын алға тартты. Сонымен қатар, мекеме басшысы алдағы уақытта 15 спорт түрімен шұғылдануға жағдай жасалған осы кешенде 1300-ге дейін шәкірт тәрбиелеу жоспарда бар екенін де жеткізді. Мәжіліс депутаты өз кезегінде жас спортшыларға, спорт мектебіне жарқын болашақ тілеп, естелік суретке түсті.
Серік Әбікенұлы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін аралап болған соң, жоғарыда айтқанымыздай, «Қарлығаш» ықшам ауданына ат басын бұрды. Бой көтергеніне көп болмаған мұндағы тұрғын үйдің сапасын бақылау барысында Парламент депутаты осында тұрып жатқан Сарқұловтар отбасымен де жүздесті. Үш қыздың әке-шешесі – Елдос пен Әнел Сарқұловтар халық қалаулысына өздерінің осы үш бөлмелі пәтерін «7-20-25» бағдарламасы аясында сатып алғандарын айтып, көңілдерінен шығатынын да жеткізді. Бұдан бөлек, тағы бір ескеретін нәрсе «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінде ақпан айының ортасынан бастап «7-20-25» бағдарламасымен тағы 50 пәтер пайдалануға берілмек. Ал, біз айтқан үш бөлмелі үйлердің жалпы ауданы 195 шаршы метрді құрайды. Тұрғындардың қуанышына орай, осы тұрғын үймен аттас іргесінде балабақша да бар, сондай-ақ, үйлердің маңайында ойын алаңдары да орналасқан.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов негізгі жұмыс сапарының басты мақсаты Қарасай ауданында Елбасының соңғы Жолдауында аталған міндеттері жүзеге асып жатқанымен танысу екендігін айтты. Сонымен қатар, халық қалаулысы Мемлекет басшысының Жастар жылын бекер атап көрсетпегінін тілге тиек етіп, жас ұрпаққа деген қолдауды да ұмытпау керектігін қоса жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.