Осы аптаның сәрсенбі күні, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында кестеге сәйкес, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жандулла Әбдімұратов қоғамдық қабылдау өткізді.
Аудан тұрғындарының бірқатар мәселелерін қарастырған жиынға «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов және аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Шолпан Смағұлова қатысты.
Халық қалаулысымен кездесуге алғашқы болып әлеуметтік мәселемен кірген Әйтей ауылының тұрғыны Гүлнафис Қуанғалиева алты айға жуық атаулы көмек алып келгендігін айтты. Бірақ, үлкен ұлы Семейдегі оқу орнында тіркеуде тұрғандықтан Гүлнафиске АӘК беруді тоқтатып, сол уақытқа дейін алған ақшаны қайтаруды талап еткен. Тиісті мекемелердің бұл әрекетін түсінбеген көпбалалы ана депутаттан мәселенің дұрыс шешілуіне көмек сұрады. АӘК ала алмай жүрген қаскелеңдік Айгүл Ахметоваға нақтылы ақпарат берілді. Түйіткілді мәселелердің келесі сұрақтары Жандулла Суиноллаұлының саласы – құрылысқа қатысты болды. Жақында Гауһар Шалғымбаева Шалқар ауылынан жер алған, бірақ, сегіз баласы бар болғаннан кейін ол жерге өз күшімен үйдің қабырғасын тұрғызғанымен, шатырын жабуға шамасы жетпейтіндігін айтып, көмек көрсетулерін сұрады. Халық қалаулысы үйдің шатырын жабуға қажетті ағашпен қамтамасыз ететін болды. Әйтейлік, үшінші топтағы мүгедек Сәрсенбай Рахимовтың өз қолымен сегіз жылға жуық салған үйінің қабырғасы жердің жұмсаруынан төменге түсіп, жарамсыз болып қалған. Енді ол баспананы бұзуға тура келеді. Алдағы уақытта Жандулла Суиноллаұлы ол үйді бұзуға қажетті ауыр механикалық техникамен қамтамасыз ететін болды. Сондай-ақ, 2012 жылы Қаскелең қаласындағы көпқабатты үйдегі жарылыстан зардап шеккен Башира Күлбаева үй кезегінде тұрғанымен, оның реті мүлдем алға жылжымағанын айтты. Бұл ретте облыстық мәслихаттың депутаты жергілікті басшыларымен сөйлесіп, осы мәселелер жақын уақытта анықтайтынын түсіндірді.
Осылайша қоғамдық қабылдауға келген барлық тұрғындардың арыз-шағымдары тыңдалып, мәселелері оңтайлы шешімін табатын болды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.