Елімізде былтырғы жылдың қараша айынан бастап утилизация туралы жаңа жоба қолға алынған болатын. Соның арқасында, жер-жерде жаппай жүруге жарамсыз автомобильдерді қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін арнайы бекеттер де ашылған. Бұл ретте, Алматы облысы бойынша жарамсыз көлікті қабылдайтын бір қосынның біздің Қарасай ауданының Жармұхамбет ауылында орналасқанын да айта кеткен жөн. Жалпы, бұл үшін нендей құжат қажет, көлікке қойылар талап қандай? Осы сауалдарға газетіміздің тілшісі жауап іздеп көрген еді.
Ең әуелі, көлігін утилизацияға өткізгісі келетін адам ауданаралық тестілеу орталығына барып, жарамсыздығын растайтын анықтама алуы керек екен. Қаскелең қаласында ондай екі орталық бар. Біреуі Наурызбай батыр көшесінде болса, екіншісі Алматы-Бішкек трассасының бойындағы «Барыс» автокөлік базарында орналасқан. Соңғы аталған мекеменің қызметкері, Алматы облысы ӘПБ мемлекеттік инспекторы, полиция майоры Дархан Самсыбаевтың айтуы бойынша, бұл жоба қолға алынғаннан бастап, темір тұлпарларын өткізуге асыққандардың қатары көп болған. Соның дәлелі ретінде, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 168 көлік қолдануға жарамсыздардың қатарына тіркелгендігін, ал, үстіміздегі жылдың басынан бүгінігі күнге дейін 5 машина утилизацияға жіберілгенін алға тартуға болады. Яғни, тиісті құжаттарыңызды (көлік салығының төленгенін растайтын қағаз, техникалық құжат, жеке куәлік, екі мемлекеттік нөмір) арқалап аталған мекемеге келіп көлікті жарамсыз деп табу жөнінде электронды арыз жазасыз. Кез-келген банктен жеке есеп-шот ашу керек. Қолыңызда жеке куәлігіңіз болса жеткілікті. Ары қарай, www.auto.recycle.kz сайтына кіріп, электронды түрде кезекке тіркелесіз. Қабылдау бекетінің мекенжайы да сол сайтта толық көрсетілген. Мысалы, Алматы облысы бойынша тозығы жеткен көліктерді Жармұхамбет ауылындағы «Эфес» зауытының аумағындағы №573 мекемесінде қабылдайды. Қазіргі кезде, ол ӨКМ Операторының аумағында 500-ге жуық тозығы жеткен көлік тұр. Жоюға тапсырылған танымал көліктердің қатарын «ВАЗ-2105», «ВАЗ-2106», «ВАЗ-2101», «ГАЗ 3110», «Москвич-2140» және «Мазда 626» сияқты техникалар құрапты. Тағы бір қызығы, тапсырылғандардың ішінде ең ескісі сонау 1948 жылы шыққан «Москвич» автокөлігі. Жалпы, қабылданған көлік құралдарының орташа жасы 25-30 жыл екен. Бұдан бөлек, бұл жерге кезекке тұрып, қабылдауға шақырылғандардың ғана темір тұлпарлары қабылданады. Алайда, ол шарттарды орындамай машиналарын кезексіз алып келетіндер де бар. Соның бір көрінісі суретте бейнеленген.
Негізі, өткізейін деп жатқан көлігінің қай санатқа жататынын, жоғарыда аталған www.auto.recycle.kz сайтынан немесе тегін call-center-ге 8 800 080 08 65 (Қазақстанның барлық аумақтары бойынша тегін) нөмірі арқылы қоңырау шалып біле аласыз. Сонымен, бағалау тәртібі бойынша айтсақ, 150000 теңге алу үшін, тозығы жеткен көлікте шанақ, қақпақ, қозғалтқыш, дөңгелекті қоршаған жабын (қанатша, штатты саны), есіктер мен дөңгелектердің штатты саны, радиатор, жүксалғыш қақпағы, беріліс қорабы, аккумулятор, газды сыртқа шығаратын жүйе детальдары, сондай-ақ, катализдік бейтараптандырғыштар сынды бөлшектер тізімі болуы керек. Ал, 48000 теңгеге бағаланатын көлікте шанақ, қақпақ, қозғалтқыш, есіктердің штатты саны, радиатор, жүксалғыш қақпағы, беріліс қорабы болса жеткілікті. Бірақ, автокөлік өткізушінің құжаты жіті тексерілетінін де ескеріңіз. Егер құжат күмәнді болса, Оператор үш жұмыс күннің ішінде қабылданған құжаттардың дұрыстығын анықтау мақсатында құқық қорғау органына тапсырады. Сондай-ақ, Астана қаласындағы ҚР энергетика Министрлігі ӨКМ Операторы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР ІІМ әкімшілік полиция Комитетімен бірлесіп көлік құралын жоюға жіберу жөнінде анықтаманың бірыңғай формасын әзірлеу қарастырылып жатыр. Бұдан былай автокөліктер қабылданатын бекеттерде олар бірден жоюға әзірлене бастайды. Яғни, экологиялық талапты сақтай отырып автокөлікті тасымалдау және оны жою процесі былай жүрігізіледі: аккумулятор, шиналар шешіліп, техникалық сұйықтықтар стандартқа сай арнайы ыдысқа құйып алынады. Сондай-ақ, осы жылдың маусымынан бастап жүк көліктерін қабылдау жоспарда тұр.
Әзірге, талап бойынша салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жеңіл көліктер қабылданады. Егер бөлшектері мен құжаттарына қатысты қандай бір шикілік болса, көлік кері қайтарылуы мүмкін. Темір тұлпарыңыз талапқа сай деп танылып, өткізілген соң шамамен 10-15 күнде жеке шотыңызға утилизациялық төлем аударылады. Нақтылап айтатын тағы бір жайт, көліктің егесі келісім шартты жасағаннан кейін, оны иелену құқығынан толық айырылады. Яғни, автокөлікті қайта қайтара алмайды.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.