Бүгінде Астана дегенде бәріміздің де көз алдымызға осы заманғы сәулеті мен дәулеті келіскен керемет қала келе қалады. Иә, алып Арқа жерінің ортасынан ойып тұрып орын тепкен осынау дүние жүзінде теңдесі аз әсем шаһар, шын мәнінде, жаныңды шаттандырады, көңіліңе айрықша қуаныш ұялатады, егемен еліміздің ертеңіне деген сенімді ұлғайтады.
Осы Тәуелсіздігіміздің берік тұғырының, Алаштың асқақ айбарының әлемді түгел таңдандырған тарихи құбылысқа айналғанына жиырма жыл толғалы жатыр.
Астана қазіргі кезде дербес, ешкімге жалтақтамай өзінің бар мәселесін өзі шешетін қуатты мемлекетіміздің бас қаласы болуымен қатар, жұмыр жерді толғандырып, ойландыратын тақырыптар талқыланатын, салмақты саясат, экономикалық даму, дінаралық келісім кеңестері жиі өткізілетін жаһандық орталыққа айналып отыр.
Былайша айтқанда, еңселі елордамыз көркімен де, көлемімен де, көшбасшылығымен де бүкіл дүниені мойындатты деуге әбден болады.
Сонымен ел астанасының асқақ Алатаудың төрінен қазақ жерінің ортасына көшірілгендігі кеше ғана сияқты еді. Енді, міне, Отанымыздың жүрегі, еліміздің кіндік қаласы – мерейлі мегаполистің жиырма жылдық мерейтойы иек астында тұр.
Иә, Астана ұлтымыздың ұясы, Мәңгілік ел болуға батыл бет алған мемлекетіміздің ерекше символы. Ол барша қазақстандықтардың мақтанышы, әрдайым жүрегінде аялап жүрер асылы.
Жалпы, осы елордамыз тез есейді. Кешегі шағын ғана қала ғаламат жылдамдықпен өсті, өркендеді, өрісін кеңейтті. Яғни, адам танымастай өзгеріп еңсесі биік, экономикасы қуатты тамаша қалаға айналды.
Елбасы мен елорда егіз ұғым іспетті. Өйткені, оның авторы Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Астананың өне бойынан мемлекет басшысының қолтаңбасы, жасампаздыққа жетелеген жарқын жеңісі айқын аңғарылады.
Рысалды ТЕМИРЖАНОВА,
Б. Тамабаев атындағы орта мектептің бастауыш
сынып мұғалімі.