Жетінші шақыры-лымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар алдында сөз сөйлеп, егемен еліміздің алдында тұрған аса маңызды міндеттер мен мақсаттар туралы кеңінен баяндады.
«Біздің стратегиялық бағдарымыз айқын, – деді Мемлекет басшысы атап айтқанда. – Мақсатымыз – озық дамыған елдердің қатарына қосылу. Дамыған ел дегеніміз – ең алдымен, дені сау, білімді және бақуатты жұрт. Сондықтан, мемлекеттің басты міндеті – азаматтарымыздың толыққанды дамуына, әл-ауқатының артуына және жайлы тұрмысына жағдай жасау».
Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы осылай айта келе дәйекті жүзеге асырылуы тиіс алдымызда тұрған жеті басымдық туралы әңгімелеп, барлығын да жан-жақты ашып көрсетті. Олардың ішінде мемлекетті басқарудың жаңа моделі, тиімді әлеуметтік саясат, ұлттық экономиканы дамыту, еліміздің аумақ пен кеңістік тұрғысынан теңгерімді дамуы, саяси жаңғыру, адам құқығын қорғау сияқты өте өзекті, аса іргелі істер бар екендігі қуантады.
Алдымен мемлекет пен халықтың жайын ойлайтын Президентіміз Парламент депутаттарын ел мүддесі үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырып, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Иә, біз, Қазақстан халқы, ертеңгі күнге үлкен үмітпен, сеніммен қараймыз!
Орынбасар ЖАНӘДІЛ,
ардагер ұстаз, өлкетанушы.