1930 жылдан бері бастау алған Әуе десанты әскері мерекесі жыл сайын 2 тамызда аталып өтіліп келеді. Негізінде, бұл айтулы күн күнтізбемізде айрықша белігіленбеген. Алайда, қазіргі таңда кеңестік дәуірде әскери борышын өтегендер бұл мерекені жылда ұмыт қалдырмай, өз араларында атап өтуді дәстүрге айналдырған.
Осыдан бір апта бұрын өткен Әуе десанты әскері мерекесі біздің ауданымызда да өз деңгейінде өткізіліп, ауған соғысының бірқатар ардагерлері Қаскелең қаласындағы Ауғанстандағы соғысқа қатысқан интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сәбит Пішембаев бастаған ардақты азаматтар бір-бірімен кездесіп, айтулы күнде арқа-жарқа әңгімелерін айтып, естелік суретке де түсті. Одан кейін ардагерлерімізді полковник Анарбай Байбосынов аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің мәжіліс залында арнайы құттықтап, ардагер азаматтарға құрмет көрсетті.
Әуедегі қарсыласқа төтеп беретін азаматтардың еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес және оларға деген құрмет пен бақилық болған батырлардың рухына тағзым ету қай-қайсымыздың болсын парызымыз деп білеміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.