Ауған соғысы 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО Қарулы Күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. Бұл соғыс жайлы шындық талай жылдар бойы тұмшаланып келді.
Осындай ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз біздің ортамызда. Қазақстаннан 22 269 жауынгер қатысса, олардың қатарында 373-і Қарасай ауданынан. Он жылға таяу уақытқа созылған қанды қырғын 1989 жылы 15-ақпан күні тоқтатылған болатын. Дәл осы күні Кеңес әскерін Ауған жерінен қайтару туралы шешім қбылданған еді. Ауған соғысы ардагерлері үшін бұл естен кетпес ерекше күн. Содан бері де, міне, 30 жыл өтіпті.
Осы атаулы күнді «Атамекен» орталығы да назардан тыс қалдырмай, яғни, аудандағы ауған соғыс ардагерлерінің басын қосып, кездесу ұйымдастырды. Ол осы соғыста мерт болған сарбаздарды еске алумен басталды. Ардагерлер Алғыс хатпен марапатталып, олардың құрметіне концерт қойылды.
Біз олардың жүрек түкпірінде қалып қойған жараларын жаза алмаспыз. Дегенмен, мақсатымыз, көз тірі жүргендерінің қадіріне жетіп, ерліктерін ескеру. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлігі қашанда ел есінде сақталатыны сөзсіз.
Б. НҰРБЕКОВА,
«Атамекен» тарихи-мәдени орта-лығының бас қор сақтаушысы.