Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Бұл вирусты жұқтырғандар біздің ауданда да тіркелді. Оның екеуі Алматы қаласымен іргелес жатқан «Асыл Арман» атты тұрғын үй кешенінің тұрғындары. Бұл аймақта қауіпті дерттің анықталуына байланысты, аталған аумақ 14 күнге карантинге жабылды. Қозғалысты толықтай шектеу 20 мыңнан аса тұрғыны бар асыл-армандықтар үшін оңай тиіп жатқан жоқ. Осындай қиын кезеңде халықтың қамын ойлағандар қол қусырып отырмай, барынша көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, демалыс күндері, аудандық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен, бір топ еріктілер «Biz birgemiz» акциясы аясында аталған тұрғын үй кешінде 200-ге жуық көп рет пайдалануға арналған тегін бетперделер таратты. Аз да болса өз көмектерін көрсетуге тырысқан волонтер жастар бетпердені әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылар мен қарттарға үлестірді. Сонымен қатар, еріктілер карантин кезінде сақтық ережелері жазылған хабарландыруларды үйлер мен дүкендердің қабырғаларына жабыстырды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.