Соңғы жылдары әлемдегі, оның ішінде біздің елімізде де цифрлық технологиялар қарқынды дамып, адам өмірін жеңілдетуге және жақсартуға арналған түрлі жүйелер енгізіліп, әлеуметтік желілер пайда болды. Бұның бәрі ақырындап кітаптың бұрынғы маңыздылығын төмендетті десек те болады. Осыған байланысты бүгінде адамдар, әсіресе жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен насихаттау, қазақ әдебиетін дамытуға қолдау жасауға үлкен көңіл бөлінуде. Әсіресе бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса назар аударуда. Жуырда Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Президент: «Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет», – деп, бірқатар тапсырма берген еді. Осы ретте қазіргі уақытта еліміздегі кітапханалар тарапынан көптеген ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі жақында біздің ауданда да ұйымдастырылды.
Аптаның сәрсенбісі күні аудандық орталық кітапхананың бастамасымен «Баспа кітаптарды ұсынады» атты жәрмеңке өтті. Іс-шараға еліміздегі «Отбасы хрестоматиясы», «Qasym kitaphanasy» секілді ірі отандық баспалар мен кітап дүкендері қатысып, өз еңбектерін оқырман назарына ұсынды. «BOOK VIBE» жобасы аясында ашық аспан астында өткен мәдени шара орталық кітапхана маңында ұйымдастырылды.
Кітапсүйер қауымның санын арттыруға бағытталған жәрмеңкеде әлем және қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары, балаларға арналған ертегілер мен энциклопедиялар, публицистикалық, мотивациялық еңбектер қойылды. Олардың арасында Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Мағауин, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов секілді ақын жазушыларының және де Ханс Кристиан Андерсен, Артур Конан Дойл, Жюль Верн сияқты шет елдік жазушылардың танымал болған туындалары қойылды. Әсіресе келген тұрғындардың көбіне Кеңес дәуірінде қазақ мәдениеті мен руханиятына ұлы төңкеріс жасаған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков жайлы «Өзбекәлі және мәдени майдан», танымал журналист Бейсен Құранбектің өмірінен мысал келтіре отырып, экзистенция, логотерапия психологиясын жан-жақты түсіндіріп, адам болмысы қалай ашылады, қалай көрінетіндігі туралы жазылған «Бейсен және болмыс» атты кітаптар ерекше ұнап, тез сатылып кетті.
Айта кетейік, сирек кітаптар, балалар және заманауи әдебиет, проза, поэзия жанрын қамтыған еңбектер ұсынған жәрмеңкеде шығарылған туындылар анағұрлым арзан болды. Яғни барлық кітаптар едәуір жеңілдіктермен сатылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, таңғы сағат 10-нан басталып, түскі сағат 4-ке дейін созылған кітап жәрмеңкесі келер ұрпақтың кемелденуіне, бәсекеге қабілетті, білімді қоғамның қалыптасуына зор ықпал етеді.
– Бүгінде Мемлекет басшымыз осы мәселеге аса көңіл бөліп, кітапхана дәрежесін көтеру арқылы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажеттілігін айтып, бірқатар тапсырма берген еді. Оның аясында елімізде кітапханашылардың жалақысы көтеріліп, «Оқитын мектеп-оқитын ұлт», «Оқитын колледж», «Кітап аманаты», «Балалар кітапханасы», «Отбасымен бірге оқиық» секілді түрлі жобалар бастау алды. Бұған қоса Президенттің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық кітап күні аталып өтуі мүмкін. Туризм және спорт министрлігі мереке күндерінің тізбесіне енгізбек. Тиісті Заң жобасын әзірлеп, қоғам талқылауына жіберілді. Бүгінгі шарамыз да соның аясында өтуде. Осындай тамаша бастамалар арқасында кітаптың рөлін жоғарлататын боламыз, – деді Қарасай аудандық кітапханасының директоры Ұлдархан Өтеева.
Ауданымыздың кітапсүйер қауымына үлкен мереке секілді өткен шарада тұрғындар біраз жаңа кітаптармен танысып, ұнаған туындыларын таба алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.