Кәсіптің көзін тауып, табысқа жетуді мақсат санайтын жандар үшін мемлекеттің қолдауы аз емес. Тек жолын біліп, тиісті бағдарламаның шартымен танысып, тәуекел етсе, бизнесті дөңгелету қиынға соқпас. Сондай мүмкіндіктердің бірі – 400 АЕК көлемінде берілетін қайтарымсыз грант. Қаржылай қолдаудың көлемі биылғы жылы шамамен 1,5 млн теңгені құрайды.
Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін грант алуға халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдар ғана үміткер бола алады. Оның ішінде белгілі санатқа жататындары таңдап алынған. Атап айтқанда, көп балалы жәрдемақы алушы отбасы мүшелері және зайыбы, атаулы көмек алушылар, қандастар, басқа өңірден қоныс аударушылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілер, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын тұлғалар.
Алдымен олар «Бизнес-бастау» курсынан өтіп, сертификат иесі ретінде өздері ұсынған бизнес-жоспарын «Business.enbek.kz» сайтына тіркеу арқылы грантқа өтініш береді. Одан кейін комиссия құрамының оңды шешімін алуы тиіс.
Жоғарыда аталған санаттың қатарынан табылып, барлық шартты орындап, несібесін кәсіптен табуды көздеп, ерекше бизнесті қолға алған жанның бірі – 5 қыздың анасы, Жамбыл ауылының тұрғыны Лаура Салимбаева. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген ол бүгінде өмірлік жары Ербосын Жаманқұлов екеуі бел-омыртқаға пайдалы матрас дайындаумен айналысады.
Ерлі-зайыпты-лардың мұндай істі бастауы кездейсоқ болмаған. Қыздары жайлы жатып, жақсы тұру үшін матрас іздеп, бірақ оның сапалы түрін әрі тиімді бағада таппаған. Талай жерді аралап көрген соң, бұл қажет дүниенің таптырмас екенін түсініп, оны өздері жасап шығаруды ойға алыпты.
Қолда бар қаражатпен керек-жарақты алып, матрас өнімін дайындауды үйренгенімен, оның сапалы әрі ыңғайлы болуы үшін басқа да арнайы құрылғылар қажет болған. Осы ретте кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға мемлекет ұсынатын қайтарымсыз гранттың септігі тиген. Лаура Елісқызы көп балалы ана ретінде осы жобасын ұсынып, грантқа үміткер ретінде бағын сынаған.
– Осы жылдың мамыр айында қайтарымсыз грантқа қатысып көрдім. Нәтижесінде бизнес-жобам сәтті болып, 1,5 млн теңге шамасында қаржылай қолдауға ие болдым. Бұл қаражатқа матрасымызды тапсырыс берушілерге әдемі, таза күйінде жеткізу үшін сыртын сапалы түрде қаптайтын құрылғы алдық. Қазір оның көмегі көп тиюде. Өйткені дайындаған өніміміз еш бүлінбей, жақсы күйінде жеткізіледі. Оған тұтынушылар да ризашылығын білдіруде, – деді кәсіпкер ана.
Ербосын мен Лаураның айтуларынша, бүгінгі таңда матрасқа деген сұраныс жақсы. Ортақ таныстар арқылы қызығушылық танып жатқандар да жетерлік. Ортопедиялық болғандықтан, оның ішкі қуысы экологиялық жағынан таза, сапалы материалдармен толтырылады.
Кез келген заттың сапасы жоғары болса, оған сай құны да төмен болмайтыны рас. Біз айтып отырған матрастың да лайықты бағасы бар. Ерлі-зайыптылар адам денсаулығы үшін құнды дүниелерді ескергенімен, тұтынушылардың арасында арзан бағаға сұрайтындары кездеседі екен. Алайда материалдарды арзан бағада табу оңай емес.
– Тапсырыс берушілердің көбі матрасымызға қызыққанымен, бірақ бағасын естігенде ойланып қалады. Одан кейін олар арзан түрінде дайындап беруін өтінеді. Ал құны төмен заттан сапалы дүние шығару қиын. Сондықтан қазіргі уақытта жұбайым екеуіміз сапалы, экология жағынан таза, қауіпсіз, зиянсыз материал іздестіріп жатырмыз. Одан кейін оны тиімді бағада халыққа ұсынсақ деген ойымыз бар, – деді көп балалы Лаура Елісқызы.
Айтпақшы, матрастар адам салмағына байланысты дайындалады. 120 кг-нан жоғары болса, ол жерде серіппенің үстіне киіз, екі қабатты кокостан және бір қабатты латекстен жасалған материалдар төселеді. Ал 120 кг-ға дейін салмақты көтеретін матрастың үстінде серіппеден кейін бір қабатты кокос материалы және губка ғана болады.
Кәсіпкерлер сүйікті істерін бастағанына көп болмаса да олардың қазіргі уақытта тұрақты тұтынушылары бар. Тіпті, тапсырыс берушілер алыс өңірден де хабарласып жатады. Мәселен, іргеміздегі Алматы қаласынан бөлек, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Балқаш қаласынан қызығушылық танытады екен.
Бизнесті қолға алған отбасының алдағы мақсаты – тағы да құрылғы алып, бастаған істерін ілгерілету, тұтынушылардың сұранысына қарай сапалы материалдармен матрасты тиімді бағада дайындау. Сондай-ақ Лаура ханым бизнестің жарнамасына да көңіл бөлуді қолға алып жатыр.
– Алдағы уақытта кәсібіміздің жарнамасымен айналысуды ойлап отырмын. Қазіргі таңда оның амалдары көп қой. Әлеуметтік желінің де құдіреті күшті. Сондықтан барлық мүмкіндікті қарастырып жатырмын. Тіпті, осы бағыттағы тендерлерге де қатысып, бағымды сынап көрсем деген жоспарым бар, – деп көп балалы ана өз ойымен бөлісті.
Әлеуметтік желі демекші, оның интернетпен байланысты екені түсінікті. Осы ретте ерлі-зайыптылар өздері тұратын Жамбыл ауылының жаңа құрылыс жағында байланыстың нашар екенін сөз етті. Тіпті, мұнда жедел жәрдемнің өзін шақыру қиынға соғатын көрінеді. Бұл мәселе жергілікті әкімдік тарапынан шешімін табады деген үміттеміз.
Ерекше кәсіптің көкжиегін кеңейтуді көздеген отбасы халық сұранысына қарай осылай еңбек етуде. Адал табыс тауып, Жұлдыз, Айсель, Томирис, Айлин, Айбике атты қылықты қыздарына жақсы тәрбие беріп, олардың болашағы үшін тынымсыз тіршілік етуде.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.