Бүгінгі таңда ерекше қабілетті балалардың ой-өрістерін қалыптастырып, өмірге деген құштарлықтарын арттыру жолында білім беретін мекемелердің қатары аз емес. Соның ішінде «Дара» қайырымдылық қорының, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттер желісін кеңейту бастамасымен ашылған, білім ошақтары да бар. Алдағы уақытта солардың бірі Шамалған ауылындағы Үшқоңыр қазақ орта мектебінің жанынан ашылатын болады. Дәл осындай мақсатта жұмыс істейтін осы ауылдағы Шамалған орта мектебіндегі инклюзивтік білім беру ресурстық орталығы ағымдағы оқу жылымен қатар өз жұмысын бастаған болатын. Бір айта кетерлігі, бұл Алматы облысы бойынша құрылған төрт орталықтың бірі. Ал, өткен аптада аудан әкімі Жандарбек Далабаев, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова және тағы басқа осы саладағы мамандар біз айтып отырған қос бірдей білім беру орындарымен жақынырақ танысты.
Жалпы, бұл «Дара» қайырымдылық қорымен ашылған білім орындары мемлекеттің қарамағында болып саналады және оған балалардың барлығы да тегін қабылданады. Келешекте ерекше қажеттіліктері бар балалар дефектолог, психолог, логопед, т.б білікті мамандардан сапалы түрде көмек алып, өмірлерін жарқын бағытқа бұра алатын болады. Жоба шеңберінде «Дара» қайырымдылық қорымен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің методикалық қолдауы жүргізіледі. Психологиялық-педагогикалык орталықта балалардың барынша дағдыланып, жалпы білім беру жүйесіне қосылуына жақсы жағдай жасалған. Сонымен қатар, Шамалған ауылында барлық балаларға арналған және ерекше қажеттіліктері бар балаларға ыңғайластырылып жасалған ойын алаңы да тұрғызылған.
Дидар МУХАМАДИЕВ.