Осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың онлайн форматтағы Елтай ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу барысында биылғы жылы Елтай мен Жармұхамбет ауылдарында жаңа мектеп салынатыны айтылды.
Игі бастамалардың тағы бірі – алдағы уақытта автомобиль жолдарын ретке келтіру. Анығын айтқанда, өткен жылы округ бойынша төрт көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Елтайдағы Тәжібаев, Жармұхамбеттегі Қонаев, Көкөзектегі Бәйтерек көшелерін ретке келтіру жоспарда бар. Ал, Қаратөбе мен Көктоған ауылдарында модульді медициналық пункт салу үшін жер телімі бөлініп, құжаттары заңдастырылып, мемлекеттік акт алынды. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражат бөлінуі күтілуде. Сонымен бірге, аталған округтегі кәсіпорындардың қатары ағымдағы жылы Исаев ауылындағы 30 адамды жұмыспен қамтитын «Агро-Финанс» ЖШС – нің көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған қоймасымен тағы толығатын болады. Жалпы алғанда бұл жиын ерекше өткендегін айта кеткен жөн. Өйткені, ауыл халқы тікелей эфир арқылы тек сұрақтар ғана қоймай, жергілікті атқарушы органдардың еңбегін бағалап, алғыстарын білдіріп жатты. Дегенмен, тіршілік болған жерде әлеуметтік мәселелердің туындауы заңдылық. Әсіресе, сауалдар жолдау бойынша қаратөбеліктер мен көкөзектіктер ең белсенді болды. Қашықтан өткен жиында Қаратөбе ауылының тұрғындары тарапынан ауыз су ағынының баяулығы, қаңғыбас иттердің көптігі сынды мәселелер сөз болды. Ал, Көкөзек ауылының халқы электр бағандары мен көлік жолдарының басым бөлігі ескіргендігі, судың тапшылығы, «Almaty Tannery» ЖШС тері өңдейтін зауытынан шығатын жағымсыз иістің кері әсері болу мүмкіндігі жайлы жазды. Оған қоса, Іле ауданына өтетін ірі көшенің бірі саналатын осы ауылдағы Шабалова көшесіне қауіпсіздік үшін жылдамдықты азайтатын жол белгілерін орнатып беруді өтінді. Жоғарыда айтылған мәселелерден бөлек, 81-ші нөмірлі автобустың маршруты Көкөзекке дейін бағыталса деген ұсыныс та болды. Аудан басшысы тұрғындар көтерілген әлеуметтік мәселелер қай уақытта нақтылы шешілетінін білу үшін осы округте қызмет ететін коммуналдық мекемелердің өкілдерімен кездесу өткізуді ұйымдастыру қажеттілігін айтты. Ал, автомобиль жолдарына қатысты округ басшысы Бекжан Абжан аталған көшелердің кейбірін қалыпқа келтіру бойынша қаражатқа сұраныс хат жолданғанын, алдымен әлеуметтік нысанға апаратын және бұрынғы орталықтағы, одан кейін жаңа құрылыста пайда болған көшелердің жөнделетіндігін жеткізді. Алдағы уақытта жоғарыда көрсетілген автобус маршрутын да аудандағы жауапты бөлім Алматы қаласының автопаркімен талқылайтын болады. Тері зауытындағы жағымсыз иіске қатысты шағым бұған дейін де жергілікті әкімдікке келіп түскен. Оның негізінде комиссия құрылып аталған өндіріс орнына тексеру жүргізіліп, нәтижесінде шығып жатқан иістің адам денсаулығына ешқандай зияны жоқтығы анықталған.
Бұрым ОРЫНБАСАР.