Әскер – біздің егемен мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру – қасиетті борыш қана емес, сондай-ақ, зор мәртебе. «Әскери қызмет – ел Тәуелсіздігінің, Қазақстанның әр шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі» деген сөз әрбір азаматқа рух сыйлайды. Қазақ әскерінде қызмет атқарып, Отан алдындағы борышын орындауда ер жігіттерге аса жауапкершілік пен үлкен міндет жүктелетіні хақ. Осы бағытта әскерге баруға азаматтарымыздың құлшынысы қандай? Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына сарбаздарды дайындау мен шақыру қалай жүріп жатыр? Міне, осы және басқа да сауалдардың аясында әңгіме өрбіту үшін біз ауданымызға жаңадан тағайындалған қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Бекмырза Жүсіппен сұхбаттасқан едік.
– Бекмырза Мұхамбетиярұлы, Сіз біздің Қарасай ауданына жаңадан келгендігіңізден Сіздің өміріңіз бен еңбек жолыңыз бізге ғана емес, сондай-ақ, оқырмандарымызға да қызықты болады деп ойлаймын. Осы ретте өзіңіз жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Мен Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келдім. Жасым 38-де. Әскери адам болу менің балалық шағымнан арманым еді. Әсіресе, кішкентай кезімде әскерде жүрген ағаларыма, олардың әскери киімдеріне, өздерін ұстауына, оларға басқа адамдардың үлкен сыйластықпен қарауына қатты қызығатынмын. Осы арманым мені алдыға жетеледі. 8 сыныптан соң Шымкенттегі республикалық әскери мектеп-интернатына түсіп, онда үш жыл оқыдым. Мұнан кейін оқуды ҚР Құрлық әскерлерінің Әскери институтында (ескі атауы Алматы Жоғарғы Әскери Академиясы) жалғастырдым. Бітірген соң, Талдықорған қаласындағы №18404 әскери бөлімде, 2006-2007 жылдары Құрмет күзеті ротасында командир қызметін атқардым. 2007- 2016 жылдарда Талдықорған қаласына қайтып барып, рота командирі, батальон командирінің орынбасары, командирі, штаб бастығы, әуе шабуылдаушы күштерінің басшысы сияқты әртүрлі жауапты қызметтерді атқардым. Ал, 2016 жылы Ақтөбе облысындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының орынбасары және сол жылдың аяғында бөлім басшысы болдым. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап Қарасай аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімін басқарамын.
– Қазіргі ұжымыңыз, жұмыс орныңыз туралы не дейсіз?
– Менің мұнда келгеніме үш айдай ғана болды, бірақ, бір айтарым мұндағы қызметкерлер өз істерінің мамандары екен. Жалпы, облыс бойынша алдыңғы қатарда келе жатырмыз. Мәселен, өткен жылы да, биыл да біз әскерге шақырушыларды берілген тапсырмадан артығымен жинап жібердік. Отан қорғау – еліміздің әр азаматының парызы, мерзімді әскери қызметін өтеуі – міндеті. Жиырма тоғыз жылын артқа тастаған еліміздің қорғаныс саласы көптеген асулардан өтіп, үлкен жетістіктерге жетті. Біз сияқты бөлімдердің тағы бір жауапты ісі – жұмылдыру жұмыстарын жүргізу. Ал, қазіргі тыныш замандағы негізгі жұмысымыз – азаматтарды әскер қатарына шақырып, Отан қорғаушылар сапына тұрғызу. Мұнан бөлек біз, сондай-ақ, соғыс ардагерлерімен де көптеген жұмыстар жүргіземіз. Өкінішке орай, біздің ауданда бүгінде 8 соғыс ардагері ғана қалды. Көбінесе біз олардың үйлері мен оған тиесілі аулаларын тазартуда көмек көрсетіп, түрлі әлеуметтік жағдайларды шешуге жәрдемдесеміз. Болашақта әскерге аттанушы жастардың патриоттық сезімі, олардың жан-жақты дайындығы бейбіт өміріміздің бір кепілі екендігі анық. Сондықтан, біз Қарулы Күштер мен ауған соғысының ардагерлерімен бірігіп, мектептерде көптеген кездесулер, тәлім-тәрбиелік мәні мол жиындар өткізіп отырамыз.
– Өзіңіз жаңа айтып өткендей, қазіргі басты жұмыстарыңыз әскерге жарамды азаматтарды сарбаздар сапына қосу ғой. Аз уақыттан кейін басталатын көктемгі шақыру науқанында қандай міндеттерді жүзеге асыру жолға қойылған?
– Көктемгі шақырылымға дайындық жұмыстары айқын. Таратып айтқанда, ол азаматтарды әскерге шақыру шараларының сапасы мен шарттарын жақсарту, шақыру пункттері мен медициналық сараптама жасайтын комиссиялардың жоғары сапалы жұмысын жақсарту болып табылады. Сондай-ақ, әскерге шақыру науқаны басталғанға дейін медициналық комиссия құрамын дәрігер мамандармен, керекті құрал-жабдықтармен, мүліктермен, тиісті дәрі-дәрмектермен қаматамасыз ету, шақырылушылар арасынан алдын ала командалар дайындау, тиісінше оларды әскери бөлімдердің алдын ала зерделеу, өкілдерінің ұсыныстарын ескеру. Демек, бұлар әскерге шақырылушылардың нақты қай әскери бөлімге, қандай мамандық бойынша, қай салаға баратынын анықтайтын болады. Мұнан бөлек үгіт-насихат жұмыстары қазірдің өзінде қолға алынып, оларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен, жан-жақты жариялау шаралары іске асырылды. Болашақ жас сарбаздардың өздерімен де, ата-аналарымен де түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.
– Бұл ретте болашық әскер қатарын құрайтын жасөспірімдерге, жастарға жалпы жағдайынан басқа да талаптар бар ма?
– Әрине, бар. Жалпы, әскер құрамы үшін шақырылушының бойының ұзындығы талапқа сай болуы тиіс, ал, десанттық-шабуылшы әскеріне баратындардың бойы 170-180 аралығында болуы керек. Мемлекеттік күзет қызметіне қабылданатындар үшін, сонымен қатар, салмағына да талаптар қойылады. Атап айтқанда, дене салмағы мен бойының арақатынасы, яғни, дене салмағының индексі анықталады. Ал, ең бастысы шақырылушының денсаулығы жақсы болуы тиіс. Біз жастардың денсаулығына қарай оларды А1, А2, А3 деген санаттар бойынша бөліп, әрқайсысына лайықты бөлімдерге жібереміз. Қорғаныс ісі, әскер саласы қашанда мемлекеттік маңызды жұмыс. Сондықтан әскерге бірінші кезекте денсаулығы жақсы жігіттерді іріктеуге мән береміз. Ал, білімі мен басқа да шығармашылық немесе спорттық жетістіктері бар азаматтарды, әрине, мәртебелі әскер түріне қарай бағыттаймыз.
– Бекмырза Мұхамбетиярұлы, әскерге барғысы келетіндер көп пе, әлде, «ұстатпай» жүргендер көп пе?
– Мен жиырма жылдан бері қорғаныс саласында қызмет етіп келемін. Талай жігіттерді күтіп алып, талай жігіттерді шығарып салдық. Тақырыпқа орай айтайын, әскерге барушылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Тіпті, сұранып бара алмай жүргендер қаншама! Бұл қуанарлық жай. Сондай-ақ, бұл ең бірінші кезекте қазіргі жастарымыздың патриоттық сезімі жоғары әрі елінің алдындағы борышын өтегісі келетіндігін білдіреді деп ойлаймын. Бірақ, оны қалаушылар көп болғанымен, жасөспірімдер арасында міндетті түрде патриоттық тәрбиеге қатысты аса маңызды іс-шараларды тұрақты жүргізіп тұру керек. Әсіресе, әр отбасында ұлтжандылықтың, отансүйгіштіктің іргетасы қалануы қажет деп ойлаймын. Әр әке өзінің өмір тәжірибесіне сүйене отырып, ұлының жарқын болашағына дұрыс жол көрсете білуі керек. Жеке өз басым ер жігіт әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтегені дұрыс деп есептеймін. Өйткені, әскер – өмір мектебі. Әскерге барған адам, біріншіден, физикалық әрі рухани тұрғыда шыңдалады. Жас жігіт өз бетінше, белгілі бір тәртіпке бейімделіп, өмір сүруді үйренеді. Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға, досқа деген құрмет сезімі арта түседі.
– Болашақта өзінің Отан қорғаудағы орнын тауып, осы мамандық бойынша әрі қарай жұмыс атқарғысы келетін жасөспірімдерге қандай кеңес берер едіңіз? Елімізде қандай әскери жоғарғы оқу орындарына түсуге болады?
– «Елін қорғау – ердің ісі» дегендей, Отанына деген құрметін көрсетіп, оған өз үлесін қосу – әр жастың міндеті. Оның үстіне бүгінде мемлекет тарапынан болашақта әскери мамандықты тандағысы келетін жастарға көптеген мүмкіндіктер жасалған. Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп, Қарағандыдағы мектеп-интернат, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты сияқты қаншама оқу орындары бар! Оның бәрінде оқу да, жатақхана да тегін әрі оқуды бітіргеннен кейін өздері жұмыспен қамтамасыз етеді. Мен өзім де осындай мектепті бітіргенмін, сондықтан болашақта әскери өмірді таңдаған жастарға осындай білім ордаларында оқуға кеңес беремін. Тіпті, қазір мектептерде «жас сарбаздар» деген арнайы сыныптар, әртүрлі клубтар да бар. Мұнан бөлек, бізге қолдау көрсететін «Әскери баспана», «Әскери жанұя» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалар да жетерлік.
– Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз…
– Жастарға айтарым, естеріңізде болсын, барлық нәрсе тәрбиеден бастау алады! Алдымен үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керек дер едім. Ешқашан ашуға бой алдырмай, қызғаныш деген жаман қасиеттерді бойға дарытпау қажет. Білімін шыңдап, өзі сүйген мамандыққа батыл бет бұрып, қоғамға да, өзіне де пайдасы тиер жақсы маман иесі болса, одан асқан бақыт жоқ деп білемін. Әрбір жас табиғат берген бойындағы барлық жақсы қасиетті шығарып, шынайы армандаса барлығына да қол жеткізері сөзсіз.
Тәуелсіз елдің жастары мықты, рухты, патриот болуы тиіс деп білемін!
– Бекмырза Мұхамбетиярұлы, уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет. Ел қорғаны – жас жауынгерлерді жасақтау жолындағы жауапкершілігі мол жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.