Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық кодты қалыптастыру мақсатында ауданымыздағы Сулеймен Демирел университетінде оқитын өнертапқыш студент домбыраның электронды нұсқасын ойлап тауып, қолданысқа енгізді. Нақтырақ айтқанда, енді домбыраны ұялы телефоныңыздан тартып, ән шырқауыңызға мүмкіндік пайда болды. Сонымен қатар, оны үйренгіңіз келсе, арнайы бағдарламаны смартфоныңызға тегін жүктей аласыз.
Көпшіліктің таңдайын қақтырып, қолдауына ие болған бұл жобаның авторы – оңтүстікқазақстандық ІT маман Нұрлан Қамбар. Жаңа технологияны жіті игерген жігіт аталған бағдарламаны жуырда ғана АҚШ-тағы «Apple» компаниясына мақұлдатып, авторлық иесі атанды.
Бүгінде Нұрлан Бауыржанұлы ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша Қаскелеңдегі С.Демирел атындағы Университеттің 2-курсында оқиды.
Домбыраның электронды нұсқасын ойлап тапқан 20 жасар жігітке бұл идея Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне барғанда келіпті. Оның бұл мақсатын іске асыруға «қазақстандық Стив Джобс» атанып кеткен және «Zero To One Labs» студиосының негізін қалаушылардың бірі Арман Сүлейменов ақыл-кеңес беріпті.
Бүгінде ол жазғы демалыс кезеңін пайдаланып Астана қаласындағы Назарбаев университетіндегі ІT мамандардан арнайы сабақ алып жүр.
Жақында Нұрланның өзімен тікелей сұхбаттасудың сәті түсті:
– Менің бұл бағдарламаны ойлап табуыма ең алдымен елмізде өтіп жатқан бүкіләлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесі себеп болды. Онда мен әртүрлі елдердің жаңа технологиялар арқылы өздерінің ұлттық аспаптарын көрсетіп жатқанын бақылап, «Неге маған да сондай дүниені жасамасқа?» деген ойға келдім. Көз алдыма бірден қазақи ұлттық аспабымыз – домбыра елестеді. Содан мен осы аспаптың электронды түрін жүзеге асыруды қолға алдым. Жұмыс бір жарым айдың көлемінде жүрді. Жобаны жоғары дәрежедегі бағдарлама қылу үшін маған Арман Сүлейменов тікелей көмегін беріп отырды. Алғашында бағдарламаны қолданысқа жібергенімде, бірден танымалдыққа ие болам деп ойламадым. Бірінен соң бірі әртүрлі ақпарат құралдарының журналистері хабарласып, сұхбатқа тарта бастады. Еңбегімнің осындай жоғары дәрежеде бағаланғанына мен өте қуаныштымын. Енді осы бағдарламаны әрі қарай дамытып, ішіне халқымызға танымал бірнеше күйді енгізіп, оларды үйренуді жеңілдетсем деген ойым бар. Бұдан бөлек, болашаққа көптеген жоспарларым да жетерлік. Олардың нәтижесін уақыт көрсетер, – дейді дарынды өнертапқыш.