Электр қауіпсіздігі – бұл адамдарды электр тоғының соққысынан қорғауға және электр қондырғыларын пайдалану кезінде туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған шаралар мен ережелер жүйесі. Қазақстан Республикасында электр қондырғыларымен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік техникасына қойылатын талаптар бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Электр қондырғыларын пайдалану адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін маңызды тәуекелдермен байланысты. Электр қауіпсіздігі ережелерін бұзу электр тоғының соғуына, өрттің шығуына және электр жабдықтарының істен шығуына әкелуі мүмкін. Электр қауіпсіздігі нормаларын сақтамау ауыр салдарларға, оның ішінде электр тоғының соғуына, өртке және жабдықтардың істен шығуына әкелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, электр қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қазақстанда электр қауіпсіздігі бойынша талаптар электр энергетикасы саласындағы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі, оның ішінде:
- Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 247 бұйрығымен бекітілген «Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану қағидаларын бекіту туралы» – электр жабдықтарын қызмет көрсету тәртібін және персоналға қойылатын талаптарды анықтайды.
- Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 246 бұйрығымен бекітілген «Тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидаларын бекіту туралы» – тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану тәртібін анықтайды.
- Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 222 бұйрығымен бекітілген «Тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларын бекіту туралы» – Қазақстан Республикасындағы электр станцияларының, электр және жылу желілерінің жұмыс істеп тұрған және қайта құруға жататын электр қондырғыларын пайдалану, жөндеу, монтаждау, реттеу және сынақтан өткізу жұмыстарына байланысты персоналға қолданылатын талаптар.
- Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 123 бұйрығымен бекітілген «Энергетика кәсіпорындары үшін өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы» – Энергетикалық кәсіпорындар үшін өрт қауіпсіздігі тәртібін анықтайды.
- Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 122 бұйрығымен бекітілген «Электр станцияларының және жылу желілерінің жылу-механикалық жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларын бекіту туралы» – сәйкес әзірленді және электр станцияларының және жылу желілерінің жылу-механикалық жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы тәртібін айқындайды.
Электр энергиясын тұтынушылар, өз балансында электр қондырғылары бар ұйымдар, электр жабдықтарымен жұмыс істеу кезінде пайдалану, техникалық қызмет көрсету және электр қауіпсіздігі талаптарын сақтау міндетті. Бұл сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және адамдарды (оның ішінде балаларды) электр тоғының соққысынан қорғау үшін қажет.
Тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидаларының 3-ші тармағына сәйкес тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалану бойынша жұмыс көлемі мен күрделігіне байланысты электр техникалық персоналдың біліктілігіне сай жиынтықталған энергетикалық қызмет құрылады. Электр қондырғыларын пайдалану бойынша қызметті жүзеге асыратын мамандандырылған ұйыммен (бұдан әрі – мамандандырылған ұйым) шарт бойынша электр қондырғыларын пайдалануға жол беріледі.
Және Тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидаларының 4-ші тармағына сәйкес электр қондырғыларын пайдалануды ұйымдастыру бойынша міндеттерді тікелей орындау үшін заңды тұлғаның жетекшісі тиісті құжатпен электр қондырғыларын пайдалану үшін жауапты адамды (бұдан әрі – электр қондырғылары үшін жауапты адам) және оның орынбасарын тағайындайды, ал жеке тұлғалар – кернеуі 1000 В-тан жоғары электр қондырғылардың иелері қауіпсіз пайдалану үшін жауапкершілік жүктелетін мамандырылған ұйымдармен электр қондырғыларына қызмет етуге шарт жасайды.
Электр қондырғылары бар тұтынушылардың міндеттері:
- Электр қауіпсіздігі бойынша тиісті допускі бар жауапты тұлғаны тағайындау;
- Электр қондырғыларының қауіпсіз пайдаланылуын және олардың уақтылы техникалық қызмет көрсетуін қамтамасыз ету;
- Электр қондырғыларының параметрлерін жүйелі түрде тексеріп, өлшеулер жүргізу (изоляцияның қарсылығын өлшеу, жерге қосу жүйесі мен қорғаныс ажыратқыштарын тексеру);
- Электр қауіпсіздігі бойынша персоналды оқытып, аттестаттаудан өткізу, нұсқамалар мен білім деңгейін тексеру;
- Электр қауіпсіздігі бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның орындалуын қамтамасыз ету;
- Электр қондырғыларын уақытында жөндеу және модернизациялауды ұйымдастыру;
- Жұмыстарды орындау кезінде сақтық шараларын қамтамасыз ету (жұмысқа рұқсат қағаздарын беру, кернеуді өшіруді бақылау).
Сонымен қатар, Тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларының 4-ші тармағында көрсетілгендей, кәсіпорынның жұмыс берушісі еңбек жағдайларына байланысты, осы Қағидаларға қайшы келмейтін электр қондырғыларын пайдалану кезінде қосымша қауіпсіздік талаптарын белгілей алады. Қауіпсіздік техникасының талаптары тиісті нұсқаулықтарда көрсетіліп, кәсіпорын қызметкерлеріне бұйрықтар, нұсқаулар, нұсқамалар түрінде жеткізіледі.
Электр қауіпсіздігі талаптарын сақтау – өндірісте және тұрмыста жазатайым оқиғалардың алдын алудағы басты фактор. Нормативтік-құқықтық актілерді білу, қорғаныс құралдарын қолдану және электр қондырғыларымен қызмет көрсетумен байланысты тұлғаларды үнемі оқыту, сондай-ақ олармен байланысы жоқ адамдарды, оның ішінде балаларды оқыту электр тоғының соққысынан болатын тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.
Мақала авторы: «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық департаменті» ММ-сінің басшының орынбасары Жарықбасов Данияр Едігеұлы.