Мемлекетіміздің келешегі кемелденуі үшін ел Президенті қашанда жүйелі жоспар құрып, соған сай мақсат-міндетімізді айқындап, мерейлі межеге жету жолында тапсырмалардың ретін нақтылап беретіні анық. Дәл сол сияқты бүгінгі өткен VIІ шақырылған Парламенттің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта бірқатар маңызды істерді атқарудың бағыт-бағдарын айтып, біраз басымдықтарға айрықша тоқталды.
Президентіміздің «барлық салаларда дәйекті өзгерістер жасаймыз» деп айтқан сөзінің өзінде үлкен мән бар екенін ұқтым. Оның ішінде жаңа стандартқа сай 3500-ден астам ауылды жаңғыртып, сол елді мекендерге іргелес жатқан республикалық маңызы бар күре жолдардың толықтай, яғни, 100 пайызға жөнделуін ерекше айтуға болады. Ауылдық жердің мектеп басшысы ретінде бұл бастама маған өте айрықша әсер етті дегім келеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің өркендеуі бағытында басқа да салаға қатысты оң өзгерістерге толы жұмыстардың жүйесін түсіндіріп өтті. Барлығы да құптарлық деп есептеймін.
Ел Президенті қашанда мемлекеттің жан-жақты дамуын алға қойып жүретіні рас. Мәселен, биыл ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсіп, мұғалімдердің мәртебесі арта түсті. Меніңше, бұл да Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын көтеру жолында жасап жатқан игі істерінің бірі.
Отанымыздың мүддесі үшін аянбай еңбек етсек, жемісті жетістігіміз арта түсері сөзсіз.
Дәурен САУСАҚБАЕВ,
Б.Қосынов атындағы орта мектептің директоры.