30 қыркүйек – Әділет органы қызметкерлерінің күні.
Осыған орай «Заман жаршысы» газетінің тілшісі Қарасай ауданаралық Әділет басқармасының басшысы, Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі Ренат Мадияровпен әңгімелесіп, осы атаулы күн және өз жұмыстары жайлы айтып беруін өтінген еді.
– Ренат Каримұлы, алдымен әділет органының құрылуы, тарихы туралы баяндап берсеңіз.
– Әрине. Жалпы Әділет органдарының құрылуы сонау, яғни, 1917 жылдан бастау алады. Сол кезде Әділет комиссариатының құрылуы арқылы сот, прокуратура, тергеу және нотариат органдарын жүйелендіру жүзеге асырылған. Ал, отандық әділет саласы 90 жылға таяу уақыт ішінде қалыптасудың қиын да күрделі жолдарынан өтті. Бұл жолда қуғын-сүргін азабын, азаматтық және Ұлы Отан соғысының от-жалынын, күйзеліс жылдарын, халық шаруашылығын қалпына келтіру, тоқырау уақыты мен қайта құру кезендерін бастан өткерді.
1930-1934 жылдары РСФСР Ішкі Істер халық комиссариатының жойылуына байланысты еңбекпен түзеу мекемелерін басқару да жүктелді. 30 қыркүйек 1919 жылы Қырревкомның отырысында ішкі істер бөлімінің меңгерушісі А.Байтұрсыновтың әділет бөлімін құру қажеттігі туралы баяндамасы тыңдалды және сонда Қырревкомның Әскери-революциялық комитетінің жанында әділет бөлімін құру туралы қаулысы қабылданды.
24 қыркүйек 1920 жылы бірінші әділет комиссары Ғұбайдолла Әлібеков алғашқы бұйрыққа қол қойды. Ал, 4-12 қазан 1920 жылы Қазақ АКСР-ның құрылтай Кеңесі съезіне Әділет халық комиссариатының міндеттері белгіленді. Посткеңестік кеңістіктегі сот билігінің қалыптасуы 1917 жылдың қазан айында РСФСР Халық Комиссариатының сот, прокуратура, тергеу және нотариалдық билік органдары, 1930-1934 жылдары РСФСР Халық Комиссариатының таратылуына байланысты, 1946-1949 жылдары Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атқарушы органдары қайта ұйымдастырылып, 21 Одақтық-Республикалық министрлік құрылады. Олардың қатарында Қазақ Кеңестік Социалисттік Республикасы Әділет министрлігі де бар еді. 1960 жылдан Әділет министрлігі сот, нотариат, құқықтық насихат жұмыстарына, халық шаруашылығының барлық салаларында заңдылықтың сақталуына ұйымдастырушылық, әдістемелік басшылық жасады. Әділет органдары заңнама актілері жобаларын дайындау, жүйелілігін сақтау, заңдар жинағын жасақтау сияқты күрделі міндеттерді жүзеге асырады.
– Ал, біздің өңірдегі жағдай қалай болды?
– 1992 жылғы 12 ақпанда халық депутаттыры облыстық Кеңесі атқару комитеті таратылып, Алматы облысы әкімшілігінің құрылуына байланысты, облыстық әділет басқармасы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық мемлекеттік органы болып құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы Қаулысымен басқарманың атауы Алматы обсының Әділет департаменті болып өзгерді. 2005 жылдың 17 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен, Әділет министрлігі аумақтық бөлімшесі – «Аудандық әділет басқармалары» республикалық мемлекеттік мекемелері құрылды.
– Сіздер қазір ауданаралық мекеме статусын алдыңыздар. Осыған орай, жұмыста қандай өзгерістер орын алды?
– Айтайын. 2019 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің №449 бұйрығымен бекітілген, Алматы облысының Әділет департаменті ережесінің 19-тармағының 5-і және 7-тармақшаларына сәйкес, Алматы облысы әділет департаментінің №46-н бұйрығымен Жамбыл ауданы мен Қарасай ауданы біріктіріліп, «Қарасай ауданаралық Әділет басқармасы» деп атауы өзгеріп, қосылу жолымен қайта құрылды.
Біз заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есепке алу, кәсіпкерлік сәйкестендіру нөмірлерінің Ұлттық тізілімін жүргізу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, құқықтық кадастрды жүргізу тәрізді істермен шұғылданамыз. Сондай-ақ, зияткерлік меншік обьектілерін қорғау және қорғау саласындағыы уәкілетті органдар мен мүдделі ұйымдар арасындағы өзара әрекеттестікті үйлестіру, өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық қызметтің негізінде атқарушылық істі қозғау, нотариаттық қызметпен айналысу құқығын аттестаттау, өтініштерін қабылдау, мөрлерін тіркеу және беру секілді жұмыстарымыз бар.
Қазақстан Республикасының әділет органдарынан өзге де мемлекеттік органдардың, сол сияқты нотариустардың шығарған ресми құжаттарына апостиль қою да – біздің міндетіміз.
Жалпы, Әділет органдары еліміздің ілгері дамуына, заңнаманы одан әрі жетілдіруге және қоғамның жоғары құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың конституциялық құқығы мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысып келеді. Барша осы салада істейтіндерді Әділет органы қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, шын жүректен табыс, зор денсаулық, отбасыларына, бақ-дәулет тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет, Сіздің осы ізгі тілегіңізге біз де қосыламыз, мерекелеріңіз құтты болсын, дейміз!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.