«Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды», – деп айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Құрылтайда бірқатар маңызды мәселеге айрықша тоқталды.
Ел Президенті алдымен халықтың береке-бірлігін сақтауды сөз етіп, бір мақсатта ұйысқан ұлттың ешнәрседен ұтылмайтынына тоқталды. Одан кейін туған тілдің тұғырын биіктетуді, қолдану аясын кеңейтуді әңгімеге арқау етіп, отбасы құндылықтары мен ата жолын сақтаған асыл дінімізге қатысты ойын ортаға салды.
Ойланып қарайтын болсақ, Құрылтайдағы талқыға түскен талай мәселе мемлекеттің келешегінің кемелденуі үшін атқарылатын жұмыстар. Өйткені ел тағдыры үшін әрбірінің маңызы бар. Мемлекет басшысы солардың түбіне терең бойлап, көпшілікке салмақты ой тастай білді. Сондай-ақ көптің талқысына ұсынып, байыпты бастамалардың өз салмағы барын түсіндірді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының көтерген мәселелері – өзектілігін жоғалтпайтын ұлттық құндылықтар. Солардың қатарында Мемлекеттік нышандарымызды түгелдей жаңғыртуға қатысты айтылған ойлар бар. Президентіміз көк байрағымыз бен Әнұранымыздың орны ерекше екеніне тоқталып, Елтаңбаға қатысты зерделенетін, қоғам талқысына ұшырайтын жайттарды атап өтті.
Балалар мен жастардың денсаулығы да Құрылтайдағы талқысына түсті. Мемлекет басшысы озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керектігін ескертті. Осы ретте есірткі сияқты денсаулыққа зиянды заттардың түрлері жеке-жеке атап өтілді. Оларды өндіруге қатысты заңды қатаңдату мәселесі айтылды.
Құрылтайдағы ортаға салынған ойлардың бәрі орынды деп білемін. Ел болашағын жарқын етіп, мемлекеттің дамуы жолында атқарылатын жұмыстарды қолдаймын.
Дидар УТЕМИСОВ,
Қоғамдық келісім және даму орталығының Қарасай аудандық бөлім басшысы.