Жуырда, Қырғауылды ауылындағы «Анаға құрмет» музейі мен «Батыр бабалар» мемориалы Алматы облыстық музейлері арасындағы байланысты нығайту мақсатында, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында орналасқан «Есік археологиялық-өлкетану музейінде» «Ел іші – өнер кеніші» тақырыбындағы көшпелі көрме ұйымдастырды. Атап айтқанда, «Анаға құрмет» музейі халық назарына осы атпен көшпелі көрмені ұсынды. Оның ішінде түйреуіштер, сан түрлі алқалар, маңдайға тағатын әшекей, білезік, жүзіктердің түрлері көрсетілді. Кезінде көне түркілердің туған жердің топырағын ішіне салып, көкірегінде сақтаған тұмар туралы да тарқатылып таныстырылды Көрермен тәнті болған әшекей бұйымдардың әрқайсысының астарында өткен тарихтан тұнған сыр, мағыналы салт- дәстүр, әдет-ғұрып жатыр. Мысалы, қоңыраулы шолпы таққан қыздар қатты күлсе, шолпы сылдырлап, оқыс қимылдарға тосқауыл болған әрі арқаны түзу ұстап, қыздың жүрісі сәнді болу үшін таққан. Ұзын шаш қазақ түсінігінде айрықша киелі болған. Шолпы салмағының әсерінен шаш ұзын боп өскен. Сол сияқты, сонау неолит заманынан бастау алып келе жатқан сырғалардың түр-түрі ерекше әсер қалдырды. Әмиян – тиын-тебен, ақша салатын қалта. Қазақтардың ұлттық ерекшелігі туралы орыс зертеушісі В.И. Даль «Қазақ жеріне өттің екен, әмияныңды қалтаңа салып қой. Жылтыраған тиын-тебен санап отырғаның – бұл елдің әдет-ғұрпына ерсі» деген екен.
Соңында екі тарап бірігіп дайындаған «Ана қадірі» атты көрініс көрсетіліп, музей қонақтарын өнерлеріне тәнті етті. Осы орайда, әрдайым жақсы істің қасында жүретін намысты азамат, Абай ауылы «Аманат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мулинов Бақытжан мырзаға айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, отбасылық қолөнер шеберлері – Бекдайыр Қоңыр мен Нарботанова Анаргұлдің жасаған бұйымдары көрермендер назарына ұсынылды.
Ал, «Батыр бабалар» мемориалды музейі тарапынан «Ер қаруы – бес қару» атты тақырыптағы ұсынылған жәдігерлер қатарында – садақ, шоқпар, найза, айбалта сынды қару-жарақ түрлерімен қатар, Кенесарының қарындасы Бопай ханымның ұстаған қылышы экспозиция төрінен орын алды. 1845 жылы Санкт-Петербург қаласында жасалынған, 1917 жылға дейін Омбы қаласында сақталынған. Қырғызстан елінен әкелінген бұл жәдігер жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятары хақ.
Сондай-ақ, өткен айда Есік археологиялық-өлкетану музейі де «Көне ғасыр сыр шертеді» атты көрмесімен Қырғауылды ауылы «Анаға құрмет» музейіне келді. Ия, Есік қаласы қазба жұмыстарының киелі мекені. Сондықтан да музейдің қоры жәдігерге бай. Археологиялық жұмыстар кезінде табылған, қола дәуірден сыр шертетін соқа (VI–IХ ғғ.), дән үккіш (Х ғ), сонымен бірге, Ғұн аристократтарының басқа халықтан ерекшелену мақсатында, бала туыла сала басына таңғыш тағып, бас формасын өзгерту ниетте жасалған тас бас мүсін көрермендерді ойға қалдырды.
Сол сияқты құмған (ІV- V ғғ) құмыра көзе, жоңғар шапқыншылығы кезінде қолданылған қайқы қылыштар өткен тарихтан көп мағлұмат берді.
Музейлердің бір-бірімен тығыз байланысының маңыздылығы сол, ата-бабаларымыздың ұстанған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен мәдениеті олардың ержүрек батыр болғандығын дәлелдейтін әр кезеңдегі жәдігерлердің бір-бірін толықтыруы өткен тарих жетістіктері желісінің үзілмей ұрпақ санасына сіңірілуі болып саналады.
Ия, жәдігерлер – өшпейтін тарих. Сонысымен де құнды.
Жанат МҰХТАРОВА,
«Анаға құрмет» музейінің
ғылыми қызметкері.