Өлең өлкесінде өмір сүріп, поэзия әлеміне жақын жандардың есінде Есенқұл Жақыпбеков мәңгі сақталары сөзсіз. Биыл ақпандатқан айтыскердің туғанына – 70 жыл. Сезім қылын шерткен танымал ақынды ардақтап, шығармашылығын насихаттау жұмысын қолға алғандардың қатарында Қарасай ауданы биыл алғашқылардың бірі болды.
Сөз зергерін ұлықтау мақсатында сәрсенбінің сәтінде Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Біздің елдің жігіттері» атты шығармашылық кеш өтті. Әдеби шараның өтуіне ҚР Тұңғыш Президентіне арналған аталмыш тарихи мекеме мен Шамалған ауылдық Мәдениет үйі ұйытқы болды.
Ел таныған Есағаның еске алу кешіне қадірлі қонақ ретінде ақынның жары Меңсұлу Сұлтанқызы арнайы шақырылды. Орталыққа кіргеннен бастап Есенқұл Жақыпбековтің жұбайына ерекше құрмет көрсетіліп, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының жәдігерлері таныстырылды. Одан кейін аталмыш мекеменің басшысы Әділ Тұрлыбаев ақынның кітаптары мен айтыста киген шапаны, домбырасы қойылған ерекше көрмені таныстырып, Есағаның жыр-жинақтарының дәріптелуі жөнінде сөз қозғады.
Рухани шараның тағы бір кезеңі дөңгелек үстел басында жалғасты. Оған ауылдың ақсақалдары мен әжелері, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қызметкерлері, БАҚ өкілдері және мектеп оқушылары қатысты. Басқосудың тізгінін Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің директоры Шарбану Қалиева өзі алып, ақынның өмірбаяны мен әндеріне қатысты қызықты деректермен бөлісіп отырды.
Ақын жайлы орамды ой толғау үшін Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсеноваға алғашқы сөз кезегі берілді. Бөлім басшысы ақынмен дәмдес, сырлас болған шақтарға тоқталып, есте қаларлық естеліктерімен бөлісті.
– Есағаның еске алу кеші біздің Қарасай ауданынан басталғаны өте қуантады. Жеке өз басым Есенқұл ағамен алғаш студент кезінде кездесіп, қолтаңбасын алғаным әлі есімде. Одан кейін де талай жүздесіп, жиі-жиі араласып тұрдық. Ол кісінің көп тәрбиесін көріп, әңгімелеріне, қалжыңдарына қанық болып өстім. Оқудан кейін өнерге деген махаббатты осы кісіден алдым. Көп әндерін өзі үйреткен еді. Ағаның кез келген әнінің тарихын білемін деп айта аламын. Менің өнер жолымды ашқан сол кісі десем де болады. Жалпы Есаға қазақ өнерінде шоқтығы биік тұлға болып қалыптасатынына сенімдімін, – деп Күлжан Әділханқызы ақын жайлы естеліктерін айтты.
Ақынға арналған шараның ойдағыдай өтуіне ерекше қолдау білдіргендерді бірі – Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов. Дөңгелек үстел басында округ әкімі де Есаға жайлы пікірін білдіріп, оның жұбайы Меңсұлу Сұлтанқызына ыстық ықыласын көрсетіп, ізгі ілтипатын сый-сияпатпен білдірді. Ал құрметке бөленген ақынның жары ризашылығын жеткізіп, өмірлік жары туралы қызықты естеліктерін айтты.
Кеш барысында әдеттегідей әуезді әндер шырқалды. Оның ішінде Есенқұл Жақыпбековтің әні мен сөзі үйлесім тапқан, сондай-ақ басқа әндерге мәтін болып жазылған шығармалары орындалды. Атап айтқанда, ауданымыздың әншісі Жадыра Есжанова «Есіл дүниені» гитарада әсерлі жеткізсе, Жәкен Омаров әнін жазған, талай ерлердің гимне айналған «Біздің елдің жігіттерін» Қарасай аудандық Мәдениет үйінің әншісі, республикалық байқаулардың жүлдегері Әділжан Аманжол тебірене, әсерлі орындады. Ал ел арасында кеңінен танылған «Өзіңді аңсау» әнін Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің әншісі Жансерік Қойшыбаев домбырамен құлақтың құрышын қандыра әуелетті.
Бұл кеште Есағаның жалынды жырларына да кезек берілді. Ақынның тұла бойыңды баурап алатын туындыларын Қарасай батыр атындағы орта мектептің оқушылары жарыса жатқа айтты.
Әуезді әуенге ұласқан, поэзия парасаты байқалған әдеби кештің соңы Есенқұл Жақыпбековтің авторлық туындысы «Сен жалынсың» әнімен түйінделді. Талайлар тамсанып, таңғала тыңдап жүрген бұл шығарманы Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің директоры Шарбану Шариқызы мен композитор, әнші Нұрлан Ташев екеуі орындады. Ал көпшілік оны қосыла шырқап, ел есінде әлі бар екенін анық аңғартты.
Қызық дерек ретінде айта кету керек, Есенқұл Жақыпбеков негізінде 1954 жылдың 19 желтоқсанында Алматы облысы Жамбыл ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. Алайда талай жерде ақынның туған күні 10 ақпан деп жазылып келеді. Дәл осы күнмен жыл сайын Есағаның есімі ұлықталып, түрлі шараның атқарылуы тоқтаған емес. Туған күнінің екі түрлі болуының өзіндік сыры бар. Оның мәнін жоғарыда аталған шара аясында ақынның жары Меңсұлу апамен тілдескенде білдік.
– Есенқұлдың анасының айтуынша, ол жеті айлық болып өмірге келген. Тіпті сол кезде оның адам болуы екіталай деген дәрігерлерде ой қалыптасқан. Алайда уақыт өте келе нәресте Есенқұл жақсы қалыптасыпты. Кейін әкесі туу туралы куәлігін алар кезде 10 ақпанға тура түсіп, сол күнді жазғыза салыпты, – деп Меңсұлу Сұлтанқызы көбі білмейтін ақпарат айтты.
Расымен де, ел таныған Есағаның туған күнін 10 ақпан деп еске алып жататынымыз жасырын емес. Тірі кезінде ақын бұл күннің белгілеуін жақсыға балап, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтан бір күнге кеш туғанын да жырына арқау еткен. Ол өлеңі «Туу туралы куәлік» деп аталады.
Болмаппыз шыны керек туа мықты,
Жабысқан дерттен жаным суалыпты.
Азайып анамыздың ақ үміті,
Алмапты Туу жайлы куәлікті.
Үміттің үзілген тек жері бар ма?
Бәрібір тоқтамапты өмір арба.
Жыл өткен соң тіркепті ауыл Совет,
Туды деп мені оныншы февральда.
Өлер деп көздің жасын сан ағызған,
Өмірге қайта кепті жаңа бір жан.
Бір күнге мен осылай кеш туыппын,
Мұзбалақ Мұқағали ағамыздан.
Туа сап сол ақынға ауды да есім,
Пір көріп өттім өлең дәу киесін.
Мұқаңнан мені өмірге кеш әкелген,
Ауыл Совет, сен қандай әулиесің?
Шынымен болмасақ та, туа мықты,
Мұқалмас жырмен Мұқаң суарыпты.
Өлең сенің өзіңнен алсам деймін,
Туу жайлы ендігі куәлікті.
Есағаның өлмес жыр-жауһары ұрпаққа мәңгі мұра болары анық. Ел ауызында өлеңдері мен әндері әлі күнге дейін айтылуы – оның шығармаларының ғұмырлы болғанының айқын дәлелі. 200-дей өлеңіне ән жазылып, бүгінде талай әншінің өнер жолындағы бағына айналды десек артық болмас. Артында озық ойлы оқырмандары, тыңдармандары тұрғанда ақынның есімі өлмейді деген сенімдіміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.